Саясат

Президент Мариус Визерді ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады

Мариус Визер Қазақстанда дзюдоны дамытуға қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың ресми баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қазақстанға келу – мен үшін үлкен мәртебе. Сізге және еліңізге дзюдоға ғана емес, әлеуметтік интеграцияның және бейбітшіліктің бірден-бір тетігі саналатын спорттық қозғалысқа қолдау көрсеткеніңізге ризашылығымды білдіремін. Дзюдо қауымдастығының барлық мүшесі ортақ мақсатқа жұмылады. Бұл – қоғамда лайықты орны бар азамат тәрбиелеу», - деді Мариус Визер.


Ол Астанада Халықаралық дзюдо федерациясының ұйытқы болуымен IJF академиясын ашу жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұл аймақтағы жоғары санатты жаттықтырушылар мен төрешілерді даярлайтын орталықтардың бірі болмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мариус Визер Қазақстанның Халықаралық дзюдо федерациясымен ұзақмерзімді ынтымақтастығының перспективасы жөнінде пікір алмасты. Бұдан бөлек, 2027 жылы елімізде өтетін дзюдодан Әлем чемпионатына дайындық мәселелерін пысықтады.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қазақстанда дзюдоны ілгерілетуге қосқан үлесі үшін Мариус Визерді ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.