Президент Эндрю Парсонс пен Маджид Рашедті «Достық» орденімен марапаттады
Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Халықаралық паралимпиада комитетінің президенті Эндрю Парсонспен және Азия паралимпиада комитетінің президенті Маджид Рашедпен кездесті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Мемлекет басшысы паралимпиада қозғалысының маңызды миссиясын жоғары бағалап, еліміз осынау ізгі мақсатты қуаттайтынын атап өтті. Президент отандық паралимпиадашылардың әлемдік аренадағы табыстары Қазақстанның инклюзивті, орнықты және әлеуметтік жауапкершілік арқалаған мемлекет ретіндегі келбетін қалыптастыруға ықпал ететінін жеткізді.
– Орайлы сәтті пайдаланып, бүкіл әлемде, Азия құрлығында және Қазақстанда паралимпиада қозғалысын ілгерілету бағытында атқарып жатқан жұмыстарыңызға ризашылығымды білдіремін. Сіздермен сенімді серіктес болуға әзірміз. Келешекте қозғалысты дамытып, нығайту мақсатында бірлесіп көп жұмыс істейтінімізге күмән жоқ, – деді Президент.
Эндрю Парсонс пен Маджид Рашед паралимпиада спортына және Астанада Азия паралимпиада комитеті Бас ассамблеясының 8-ші сессиясын ұйымдастыруға көрсеткен қолдауы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Олар Қазақстанда паралимпиада қозғалысы баршаға бірдей мүмкіндік қағидаты аясында жоспарлы әрі дәйекті түрде дамып келе жатқанына назар аударды.
– Соңғы жылдары біз елеулі прогресс пен ерен табыстарға куә болдық. Парижде өткен Паралимпиада ойындарында Қазақстан керемет нәтиже көрсетті. Спортшыларыңыз тоғыз медаль жеңіп алды. Соның ішінде алғаш рет екі атлет алтын медальға ие болды. Қазақстан спортшылары өздеріне дейінгі атлеттердің ізін жалғап, өскелең ұрпақты жігерлендіріп келеді. Бұл кездейсоқтық емес, жүйелі жұмыс пен дұрыс таңдалған бағдардың нәтижесі. Біз Қазақстанның паралимпиадалық спорт түрлерін дамыту ниетін жоғары бағалаймыз, – деді Халықаралық паралимпиада комитетінің президенті Эндрю Парсонс.
Өз кезегінде Маджид Рашед 2018 жылы Астанаға келгенін, Қазақстандағы параспортшылардың жаттығуына жасалған қолайлы жағдаймен таныс екенін айтты.
– Делегациямызға Астана ұнап жатыр. Бізді жылы шыраймен қарсы алды. Жергілікті халықтың кең пейілінің арқасында Қазақстанда өз үйімізде жүргендей сезінеміз, – деді Азия паралимпиада комитетінің президенті.
Кездесуде елімізде APC және IPC жарыстарын өткізу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ отандық паралимпиадашылардың білім беру бастамалары мен халықаралық бағдарламаларға қатысуы пысықталды.
Қазақстан Президенті паралимпиадалық қозғалысты дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Эндрю Парсонс пен Маджид Рашедті ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Бүгінде елімізде 19 паралимпиадалық спорт түрі қарқынды дамып келеді. Жыл сайын түрлі деңгейдегі 800-ден аса жарыс өткізіледі. Оған 10 мыңнан артық адам қатысады. Ұлттық құрама сапында 1 мыңнан астам спортшы бар.