Президент: Қазақ-вьетнам қатынастары қарқынды дамып жатыр
Мемлекет басшысы Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі Нгуен Суан Тхангты қабылдады, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі, Хо Ши Мин атындағы Ұлттық саясат академиясының директоры Нгуен Суан Тхангпен кездесті.
Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы бүгінде қазақ-вьетнам қатынастары қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Президент Вьетнамға жасаған 2023 жылғы ресми сапарын ықыласпен еске алды. Ханой сапары барысында жүргізілген маңызды келіссөздер екіжақты ынтымақтастыққа айтарлықтай серпін берді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Вьетнам – еліміздің Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі серіктесі. Қазақстан сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты қатынастарды жан-жақты нығайтуға дайын.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қазақстан мен Вьетнамның әлеуметтік-экономикалық дамуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін парламентаралық ынтымақтастықты жандандырудың маңызына тоқталды.