Саясат

«Орталық Азия + Жапония»: желтоқсанда Токиода өтетін Саммитке дайындық мәселелері талқыланды

ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев Жапонияның Экономика, cауда және өнеркәсіп министрлігі Сауда саясаты департаментінің Ресей, Орталық Азия және Кавказ елдері басқармасының басшысы Х.Ишии бастаған жапондық делегациямен кездесті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Кездесу барысында тараптар биылғы желтоқсанда Токиода өтетін «Орталық Азия + Жапония» Диалогы Саммитіне және оның шеңберіндегі бизнес-форумға дайындық мәселелерін талқылады. Тараптар алдағы іс-шаралардың күн тәртібі мен ұйымдастыру мәселелері бойынша пікір алмасты.

Вице-министр Саммиттің және оның аясында өтетін бизнес-форумның өңірлік тұрақтылықты нығайту және Қазақстандағы «жасыл» жобаларға жапондық инвестициялар мен технологияларды тарту үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенім білдірді.

Өз кезегінде жапондық делегация басшысы Х.Ишии алдағы Саммит пен бизнес-форум қарсаңында екіжақты және өңірлік ынтымақтастықты тереңдетуге ниетті екенін жеткізді.

«Климаттық саясат пен ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, JCM (Бірлескен несие механизмі) аясындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша ой бөлісті. Осы орайда тараптар JCM аясындағы бірнеше жобаны іске қосу мәселесін тездету қажеттілігімен келісіп, Бірлескен комитеттің кезекті отырысын қазан-қараша айларында өткізу мүмкіндігін қарастыру туралы уағдаласты», - делінген министрліктің хабарламасында.

Кездесу соңында тараптар экологиялық мәселелерді шешу жолында тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға сенім білдірді.