Саясат

Президент мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін арттыруды тапсырды

Президент мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін арттыру қажеттігін айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

«Мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғалы бес жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде қоғам мен билік құрылымдары арасындағы қарым-қатынас мәдениетін өзгерте алдық. Пікір білдірудің бірқатар тиімді тетігі және түрлі диалог алаңдары пайда болды. Мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен тікелей сөйлесуі қалыпты жағдайға айналды. Бұл тұжырымдама мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының жаңа моделін қалыптастырды. Олар жауапкершілікпен, проактивті, ашық және тиімді жұмыс істей бастады. Дегенмен, мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың сапасын одан әрі арттыра түсу үшін бәріміз адал әрі әділ болуымыз, тек заң аясында әрекет етуіміз, берген уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз керек.

Біз талқыланып жатқан мәселелердің мән-жайын біле бермейтін, тым асыра сілтеуге бейім тұратын популистердің қоғамдағы кейбір бастамаларды іліп алып, өз мүддесіне бұрып әкететінін көріп жүрміз. Мұның демократияға еш қатысы жоқ», - деді Президент.

Мемлекет басшысы, сондай-ақ, өтініштерді қарауға қатысты жұмыстың бірыңғай экожүйесі қалыптаса бастағаны өте маңызды екеніне тоқталды.  

«Бұл жүйе халықтың қажеттілігі мен талап-тілегін нақты біліп отыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік органдар өз жұмысын жетілдіру үшін азаматтардың өтініштерін талдауға көбірек назар аударуға тиіс», - деді Мемлекет басшысы.