Саясат

Мемлекет басшысы Вьетнам Президенті Лыонг Кыонгты құттықтады

Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам Социалистік Республикасының жаңадан сайланған Президенті Лыонг Кыонгқа құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап. 

«Сіздің сайлаудағы жеңісіңізді Вьетнамның экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге, елдің әл-ауқатын еселеуге және халықаралық аренадағы беделін нығайтуға бағытталған сара саясатыңызға отандастарыңыз көрсеткен қолдаудың айғағы деп білемін. Қазақстан мен Вьетнам арасындағы достық пен өзара сенімге негізделген қарым-қатынасты одан әрі нығайту үшін Сізбен бірге күш-жігер жұмылдыруға дайын екенімді растаймын» , – деп жазылған жеделхатта.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Лыонг Кыонгтың аса жауапты қызметіне толағай табыс, ал достас Вьетнам халқына ырыс пен құт-береке тіледі.