Халқымызда ерлік пен елдіктің туын биік ұстаған арулар аз емес – Президент
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиын басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның сан түрлі салада жетістікке жетуіне қыз-келіншектер мол еңбек сіңіргенін айтты.
«Халқымызда ерлік пен елдіктің туын биік ұстаған арулар аз емес. Олардың есімі ел шежіресіне алтын әріппен жазылған. Тұмар мен Бопай ханымдардың, Домалақ ана, Зере және Ұлпан аналардың, Әлия, Мәншүк, Хиуаз секілді батыр қыздарымыздың аты ел жадында. Сіздерді ақылы мен ажары, даналығы мен даралығы келіскен қазақ әйелінің ізбасары деуге болады. Әйелдер қауымы күрделі кезеңдерде аянбай еңбек етті, Отанымыздың өсіп-өркендеуіне белсене атсалысты. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тәрбиесі. Бүгінде Сіздер санасы сергек, ойы азат ұрпақ өсіріп, Отанымыздың өркен жаюына айрықша үлес қосып келесіздер. Қазақстанның сан түрлі салада жетістікке жетуіне қыз-келіншектеріміз мол еңбек сіңіруде. Бүгін Ақордаға шақырылған әйелдер арасында Отанымызға әр салада еңбек сіңірген білікті мамандар бар. Мен баршаңызға зор алғыс айтамын. Аналары алаңсыз қоғамда балалар да бақытты өмір сүреді «Қымбатты ханымдар, Сіздер, әлемге әдемілік пен үйлесім, шаңыраққа жылылық пен жайлылық сыйлап келесіздер. Сіздерге өскелең ұрпақты тәрбиелеу, отбасылық құндылықтарды ілгерілету секілді айрықша жауапкершілік жүктелген. Барлық салада адал еңбек етіп, табанды да тиімді жұмыстарыңызбен мемлекетіміздің әлеуеті мен беделін нығайтып жүрсіздер. Аналары алаңсыз қоғамда балалар да бақытты өмір сүреді. Ана мен баланың жағдайы дұрыс болса, әлеуметтің жағдайы да дұрыс болады. Сондықтан болашағын ойлаған ел, ең алдымен, әйелдердің жағдайын жақсартуды ойлайды»,-деді Президент.
Президент мемлекеттің әйелдерді барынша қорғауға және жан-жақты қолдауға баса мән беретінін атап өтті.
«Мемлекетіміз әйелдерді барынша қорғауға және жан-жақты қолдауға баса мән береді. Осы бағытта нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Менің тапсырмаммен отбасы институтын нығайтуды көздейтін маңызды шаралар қабылданды. Барлық аймақта қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсететін орталықтар ашылып жатыр. Көп балалы аналарды қолдаудың ұлттық моделі қалыптасты. Соның арқасында жыл өткен сайын көп балалы отбасылардың саны артып келеді»,- деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің лауазымды қызметтерді жауапкершілікпен атқарып жүргенін жеткізді.
«Қазір әйелдер түрлі салада табысты еңбек етіп жүр. Мемлекеттік қызметшілердің жартысынан көбі – әйелдер. Білім беру, денсаулық сақтау саласындағы мамандардың 70 пайыздан астамы да – әйелдер қауымы. Сондай-ақ олар төтенше жағдайлар, қорғаныс және құқық қорғау органдарында табысты жұмыс істеп жүр. Көптеген әйелдер лауазымды қызметтер атқарады, Сіздердің араларыңызда да табысты басшылар аз емес. Қыз-келіншектер бизнесте де жетістікке жетіп жүр. Бойларыңыздағы мақсаткерлік пен жасампаздық қуаты ең батыл бастамаларыңызды жүзеге асыруға көмектесіп келеді. Берік азаматтық ұстанымдарыңызды танытып, қоғамдық жұмысқа да жан-жақты атсалысасыздар. Маңызды бастамалар мен халыққа қажетті әлеуметтік жобаларды іске асырып жүрсіздер. Қай іспен айналыссаңыздар да жауапкершілікпен қарап, ұдайы оң нәтижеге қол жеткізіп келесіздер»,- деді Президент.
«Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы», «Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері» құрметті атақтары алғаш рет табысталды.
«Әлемдік додаларда топ жарып, еліміздің абыройын асқақтатып жүрген аруларымыз да бар. Біз қажырлы еңбегімен, ерен ерлігімен танылған қыз-келіншектерді мақтан тұтамыз. Тәуелсіздік жылдары өз саласының үздігі атанған 8 әйелге «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Биыл елімізде – «Жұмысшы мамандықтары жылы». Қазір осы саладағы білікті мамандардың мәртебесін көтеру үшін белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Мысалы, мемлекеттік марапаттар жүйесіне жаңадан 9 құрметті атақ енгізілді. Бүгін осындай екі марапат алғаш рет тапсырылады. «Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы» атағы еңбек ардагері Ольга Шелудькоға беріледі. Ал өндіріс озаты Майра Ерманова «Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері» атанып отыр. Осындай нағыз еңбек адамдарына бүкіл ел болып құрмет көрсетіп, оларды жан-жақты дәріптеуіміз керек. Жұмысшы мамандықтары жылының түпкі мәні де – осы»,- деді Мемлекет басшысы.
Президент түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген бір топ қыз-келіншекке жоғары мемлекеттік наградалар тапсырды.