Саясат

Ерлан Қошанов Президентке Мәжіліс қызметі туралы баяндады

Мемлекет басшысы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Президентке Палата қызметі туралы ақпарат берілді. Ерлан Қошанов депутаттар жұмыс барысында Президент Жолдауы мен ел дамуы бойынша берген тапсырмаларды заңнамалық тұрғыда уақтылы әрі сапалы қамтамасыз етуге ерекше мән беретінін баяндады.

Бүгінде 15 заң қабылданып, Сенатқа жолданды. Мәжіліс қарауында 77 заң жобасы бар. Жыл соңына дейін Құрылыс, Цифрлық кодекстер мен «Банк қызметі туралы» заңды қабылдау жоспарланып отыр. Сондай-ақ сайлау, тұтынушылардың құқығын қорғау, құқық бұзушылықтың алдын алу секілді заң жобаларына қатысты жұмыс жүргізілуде. Депутаттар жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару туралы заңнамаға түзетулер енгізуге, сондай-ақ креативті индустрия, ғылыми зерттеу аумақтарын дамыту, тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау, бағбандық шаруашылық серіктестіктерді мемлекеттік қолдау бойынша заң жобаларына бастамашы болды.

Заң шығару жұмысы жұртшылықтың, сарапшылардың және БАҚ өкілдерінің қатысуымен ашық жүргізілуде. Барлық саяси партиялардың фракциялары өз электоратының сұранысына сәйкес ұсыныстарын белсенді түрде енгізіп жатыр. Маңызды заң жобалары Қоғамдық палатаның отырыстарында қаралады.

Мәжіліс төрағасының айтуынша, депутаттар Мемлекет басшысының Жасанды интеллектіге қатысты бастамаларын іске асыруға белсенді атсалысып келеді. Қыркүйек айының соңында Мәжіліс «Жасанды интеллект туралы» заң қабылдап, Сенатқа жолдады. Сонымен қатар қазақстандық және шетелдік сарапшылардың қатысуымен парламенттік тыңдау өткізілді.

Депутаттардың және Энергетика министрлігінің бастамасымен Ақтауда мұнай-газ саласындағы машина жасау ісін дамыту форумы өтті. Мұнай-газ секторындағы сатып алуларда қазақстандық үлесті жүйелі түрде арттыру жайлы шешім қабылданды. Депутаттар мұны ұдайы бақылауда ұстайды.

Ерлан Қошанов парламенттік дипломатия аясында атқарылған жұмыс жайында мәлімет берді. Елімізге Моңғолия Ұлы Мемлекеттік Хуралының және Мажарстан Мемлекеттік жиналысының төрағалары ресми сапармен келді. Көптеген елдің парламенттерімен достық топтары белсене қызмет атқаруда, заң шығару саласында тәжірибе алмасу жолға қойылған және мемлекетаралық жобаларды қолдау бойынша жұмыс жүргізілуде. Депутаттар ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы, ТүркПА, ТМД Парламентаралық ассамблеясы және басқа да көпжақты ұйымдар аясында табысты қызмет атқарып келеді.