Елордалық дінтанушылар мен теологтарға арналған семинар өтті
Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен Діндерді зерттеу орталығы елорда теологтары мен дінтанушыларына арналған семинар ұйымдастырды, деп хабарлады Elorda.info
Іс- шара ҚР дін саласындағы 2021-2023 жылдарға арналған мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі кешенді жоспарын орындау шеңберінде ұйымдастырылды. Басқосу үлкен Чебачье көлінің жағасындағы «Бурабай» мемлекеттік ұлттық паркінде өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты - теологтар мен дінтанушылар арасында тәжірибе алмасу, өзекті мәселелерді талқылау, бірлескен шешімдер іздеу, жұмыстың тиімділігін арттыру. Мұндай іс-шараларды өткізу діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу және оңалту бағытында жұмыс істейтін мамандардың кәсіби өсуіне ықпал етеді.- дейді жиынды ұйымдастырушылар.
Семинарға қатысушылар үшін теология, психология, заңнама, шешендік шеберлік және SMM сияқты бес бағыт бойынша жоғары білікті спикерлер дәрістер өткізді.
Ол үшін семинарға шешендік шеберлік бойынша маман Руслан Спиридониди, SMM саласындағы сарапшы Жан Қыпшақбай, белгілі дінтанушы, сарапшы Балғабек Мырзаев және ҚМДБ діни білім беру және кадрларды даярлау бөлімінің меңгерушісі және ғалымдар кеңесінің мүшесі, исламтанушы ғалым Смайыл Сейтбеков, Дін істері басқармасының бас маманы Адия Романова, теолог-исламтанушы, PhD докторы Исатай Бердалиев, сарапшы-дінтанушы Александр Антипин, дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Шыңғыс Қожахметов шақырылды.
Еркін форматта қатысушылар дәрістер бөлімімен қатар команда құрып түрлі ойындарға, эстафеталар мен жарыстарға қатысты.