Ең төменгі жалақы көбеюі керек пе: Бақытжан Базарбек жауап берді
Мәжіліс «Ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» Халықаралық еңбек ұйымының №131 конвенциясын ратификациялады. Бұл конвенцияны ратификациялау қазақстандықтар өміріне қалай әсер етеді? Ең төменгі жалақы мөлшері өсе ме? 85 мың теңге халықаралық конвенцияға сәйкес келе ме? Халықаралық стандарттарға сәйкестендіріліп қашан көбейеді? Осы туралы Elordainfo.kz тілшісі Мәжіліс депутаты, заңгер Бақытжан Базарбектен сұрап білді.
- «Ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» Халықаралық еңбек ұйымының №131 конвенциясын ратификацияладық. Қазіргі таңда елімізде белгіленген ең төменгі жалақы мөлшері – 85 мың теңге. Бұл халықаралық еңбек ұйымы белгілеген стандарттарға сәйкес пе?
- Еуропа мемлекеттерінде 85 мың теңге стандартқа сай емес екені түсінікті. Қытайда да ол стандартқа келмейді. Әр ел ең төменгі жалақыны әр адам өзінің отбасын асырай алатындай етіп бекітеді. Қазіргі төменгі айлықтың көрсеткіші өмір сүруге қажетті деңгейде емес. 85 мың теңге алған адам өзінің отбасын асырай алмайды. Жүз жерден министрлер мен вице-министрлер осы суммаға асырауға болады десе де, мен олармен келісе алмаймын.
- Халықаралық еңбек ұйымының №131 конвенциясын ратификациялағаннан кейін 1 жылдың ішінде халықаралық шарттарды орындап үлгеруі керек қой... Еуропа мемлекеттерінде ең төменгі жалақы медиандық жалақының жартысынан кем болмау керек деген экономикалық теорияны қолданады. Бізде де халықаралық ереже күшіне енгеннен кейін ең төменгі жалақы еліміздегі медиандық жалақының орташа мөлшеріне яғни 158 мың теңгеге көтерілуі мүмкін бе?
- Әрине, ратификациядан кейін ішкі ұлттық стандарттар мен халықаралық стандарттарды сәйкестендіруіміз керек. Бұл ең төменгі жалақы өседі деген сөз. Бірақ дәл қазір әп сәтте өсіру мүмкін емес. Өйткені біздің бюджетте дефицит бар. Осы қазанда Үкімет 2025 жылдың бюджет есебін Мәжіліске алып келеді. Нақты көтеріле ме, көтерілмей ме, оны ешкім айта алмайды. Қазақта «Көрпеңе қарай көсіл» дейді. Сондықтан көрпемізге қарай тиісті шараларды іске асыратын боламыз.