Саясат

Еңлік Қасабекова: Халықтың көкейіндегі сансыз сауалдардың жауабын қамтитын сұхбат болды

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылы еліміздегі басты БАҚ-тың бірі болып саналатын «Егемен Қазақстанда» мазмұнды сұхбаты жарияланса, биыл Ел Президенті 2025 жылдың алғашқы күндерінде республика деңгейіндегі өзіндік орны бар баспасөз құралы «Ana tili» газетіне ауқымды сұхбат берді. Мұндай ашық әрі аналитикалық сұхбаттың халық үшін маңызы зор. Президенттің сұхбаты туралы Философия, саясаттану және дінтану институтының аға ғылыми қызметкері Еңлік Қасабекова осылайша пікір айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ол Қасым-Жомарт Кемелұлының «Ana tili»  газетіне берген сұхбатында билік жүйесіндегі басты мәселелер, мемлекетіміздегі әлеуметтік, саяси және экономикалық жағдайлар толық қамтылғанын айтты.  

«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы былтырғы жылғы дүниежүзілік аренадағы соғыс жағдайлары, экономикалық өзгерістер, саяси оқиғалар легін бағдарлай отырып, жалпы ауыр да күрделі жыл болғанын ескере отырып, Қазақстанның да дүниежүзілік сахнадағы оқиғалар мен жағдайларды айналып өтпейтінін, әсіресе валюта мәселесінің сол жағдайлармен тікелей байланыста екенін баса айтты. Жалпы, сұхбат еліміздің әлеуметтік жағдайлардың шешімін табу мақсатындағы жаңа реформалар мен мемлекеттік деңгейде атқарылып отырған істерге қатысты өрбіді. Ел Президентінің жыл қорытындылау сұхбатында баспанамен қамту мәселелері барысында елдегі арнайы бағдарламалардың жүзеге асырылып отырғаны, білім беру саласындағы жетістіктер, медицина саласындағы реформалар, экономикалық маңызды өзгерістер, әлеуметтік қолдаулар, соның ішінде 18 жасқа толмаған балаларға берілетін қаржыландыру реформасы толығымен қамтылды», - деді Е.Қасабекова.  

Сарапшы, сондай-ақ, сұхбатта Тұңғыш Президенттің ел тарихындағы рөлі сөз болғанына тоқталды.

«Мемлекет басшысы сұхбатта Экс-Президент Н.Ә. Назарбаевтың елге сіңірген еңбегін жоққа шығармайтынын, мәселен, елдегі шекара мәселесінің бекітілуі сол кісінің еңбегі екеніне баса тоқталды. Сонымен қатар қосарлы билік мәселесіндегі түйткілдердің тоқтағанын баяндады», - деді ол.

Ол Президенттің өткен жылдардағы елімізде болған түрлі жағдайларға тоқталып, нәтижесінде қандай қорытындылар, шешімдер істелгенін баяндағаны туралы айтты.

«Сұхбатта COVID-19, Қаңтар оқиғасының салдары және онымен күрес жалғасын тауып жатқаны айтылды.

Сондай-ақ елде орын алған алапат су алу мәселелерінің де өңірлерге тигізген шығыны мен оның салдары, осыған байланысты бірқатар іс-шаралардың жолға қойылғаны баяндалды.

Президент мемлекетті құрайтын әлеумет болған соң, оң-теріс оқиғалар легінің болуы шартты құбылыс екенін айтты. Десе де Президенттің арқалап отырған аманаты өз мүддесінен жоғары екенін баса айта отырып, биліктің міндеті ел мүддесі үшін ғана оң шешімдер жасау  екеніне тоқталды.

Соңғы кездері өзекті мәселеге айналып отырған IT технологияның, жасанды интеллектінің біздің елімізге ықпалын ескере отырып, осы тұрғыдағы кешенді істердің атқарылуы мемлекеттік деңгейде оң қолдауға ие екенін ескертті», - деді ол.

Еңлік Қасабекова Президенттің сұхбатта халықаралық қатынастарды реттеу барысындағы мемлекетіміздің ұстанымдары туралы айтқан пікірілеріне тоқталды.

 «Сұхбатта дүниежүзілік сахнадағы алпауыт елдердің басшыларымен орнатылған екі жақты байланыстар негізінде Қазақстанның орыс-украин соғысын тоқтатудағы бітімгершілік саясатын ұстанатыны айтылды. Сондай-ақ Ресей Президенті Владимир Путин, АҚШ Президенті Дональд Трамп, Қытай Президенті Си Цзинпиньменен орнатылған байланыстар барысы да сөзге тиек етілді. Қытайдан қорықпау керектігін, онымен біздің ел стратегиялық, экономикалық, саяси бағыттағы сындарлы байланыстарды орнатуы қажеттігін еске салды.

Сонымен қатар ҚР территориясындағы атом электр станциясының салыну мәселесінің де оң тұстарын баса айта отырып, Ресейдің Қазақстан үшін маңызды серіктес ел екенін, кез келген орнатылған оң байланыстардың саяси, экономикалық бағыттағы маңызды қадамдар екені айтылды.

АҚШ Президентімен болған кездесулер мен сұхбаттасулар барысындағы Дональд Трамптың Қазақстанды маңызды серіктес қана емес, Орта Азиядағы стратегиялық серіктес ретінде қабылдайтыны да баяндалды», - деді ол.

Сарапшы Президенттің басты мақсаты саяси-экономикалық балансты сақтау, елді дамыту, өсіру, дүниежүзілік сахнадағы беделін төмендетпеу, ішкі және сыртқы кеңдік саясатты ұстана отырып, өз мүддемізді айқындау екенін баса айтты.

«Ол үшін тек Президент қана емес, ел болып қолдау, бірігу, биліктегі алауыздыққа жол бермеу секілді инструменттер бізге ауадай қажет. Мен Қасым-Жомарт Кемелұлының ішкі және сыртқы саясаттағы ұстанымдарын толығымен қолдаймын. Бейбітшілік сынды басты байлығымызды бағалайық!» - деген пікірін айтты Е.Қасабекова.