Бейжіңде Қазақстанның мәдениет орталығы ашылды
Мемлекет басшысы Қытайдағы Қазақстан мәдениет орталығының ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары аясында Бейжіңде Қазақстанның мәдениет орталығы салтанатты түрде ашылды. Мемлекет басшысы орталықтың пайдалануға берілуін қос халықтың рухани өміріндегі өте маңызды күн деп бағалады.
– Мұны, шын мәнінде, тарихи оқиға деуге болады. Бұл – қазақтың қытай халқына деген риясыз көңілі. Сондай-ақ қытай жұртының қазаққа білдірген достық пейілі. Ең алдымен, осы бастамаға қолдау көрсеткені үшін аса қадірлі Төраға Си Цзиньпин мырзаға зор алғыс айтамын. Қытай елінің Мәдениет және туризм министрі Сунь Ели мырзаға, сондай-ақ осы іске атсалысқан барша қытай және қазақ азаматтарына шынайы ризашылығымды білдіремін. Осы салтанатты жиынға менің қытайлық ескі достарым, дипломаттар, кезінде маған сабақ берген ұстазым Лю Шицинь мырза және зиялы қауым қатысып отыр. Баршаңызға ыстық ықыласымды білдіремін. Мәдени-гуманитарлық байланысымыз берік болса, достығымыз да нығая түседі. Өнер мен мәдениет – түрлі халықтың арасын жалғайтын алтын көпір, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент былтырдан бері Астанада Бейжің тіл және мәдениет университетінің филиалы жұмыс істей бастағанын жеткізді. Ал Қытайға жасаған осы сапары аясында елімізде Лу Бань зертханасының екінші және үшінші орталықтары ашылды.
– Жалпы, Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас өте жоғары қарқынмен дамуда. Біз ынтымақтастықтың екінші «Алтын 30 жылдығына» қадам бастық. Жоғары деңгейдегі кездесулер мен келіссөздер жыл сайын тиімді өткізілуде, екіжақты сауда көлемі ұлғаюда. Былтыр екі елдің тауар айналымы 44 миллиард долларға жетті. Бұл – тарихымызда бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткіш. Биыл да өзара сауда қарқыны төмен болмайды деген болжам бар. Инвестициялық қарым-қатынас та ойдағыдай дамуда. Жалпы, Қытай Қазақстанның ең ірі сауда-инвестициялық серіктесі болып саналады. Халықаралық мәселелер бойынша қос елдің ұстанымдары ұқсас немесе бірдей деп күмәнсіз айтуға болады. Осының бәрі Қазақстан мен Қытай мәңгі стратегиялық серіктестер екенін айқын көрсетеді. Бұл үрдіс халқымыздың ұлттық мүддесіне сай келеді, – деді Мемлекет басшысы.