Саясат

Қазақстанда төрт мыңға жуық діни бірлестік бар – Президент

Қазақстан Президенті Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінің ашылуында сөз сөйледі, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев Астана төрінде бас қосқан әлемнің ең беделді рухани көшбасшылары мен басқа да қатысушыларға ілтипат білдіріп, Съезд жұмысына қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтты.

– Қазір жер жүзінде сын-қатерлер көбейіп, халықаралық ахуал ушығып тұр. Соның салдарынан түрлі қақтығыстар көбеюде. Алмағайып кезең ешкімге оңай болып жатқан жоқ. Өкінішке қарай, соғыстың сипаты мен болмысы белең алуда. Дегенмен біз өткен заманнан дұрыс сабақ алып, сындарлы әрі ашық келіссөздерге ұмтылуымыз керек. Мәмілеге балама жоқ. Бұл тұрғыдан алғанда, бүгінгі Съездің мән-маңызы айрықша. Дін басшыларын гуманистік көзқарастарды ту еткен Бейбітшілік елшілері деп айтуға болады. Сіздер ортақ мүдде үшін бірігіп, әлем жұртшылығын игі мақсат жолында жұмылдыруға ниет білдіріп отырсыздар. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Съезд алғаш қызметін бастаған сәттен бері қазіргі заман сын-қатерлерін ашық талқылайтын бірегей алаңға айналды. Конгреске қатысушылардың ұсынымдарына сәйкес, Съездің 2033 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы әзірленіп, ол жүзеге асырылып жатыр.

– Аталған құжат біздің бейбітшілікті сақтау, тату-тәтті өмір сүру және баршаға ортақ адамгершілік құндылықтарын берік орнықтыру секілді ортақ мақсатымызды айқындайды. Геосаяси шиеленіс ушыққан заманда мұның бәрі айрықша маңызды. Съездің қорытынды декларациясы ресми құжат ретінде БҰҰ Бас Ассамблеяларында таралады. Бұл съезд жұмысына берілген жоғары баға. Алдағы мерейтойлық 80-ші сессияда да аталған үрдіс жалғасады деп үміттенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан территориясы ежелден түрлі мәдениеттер тоғысып, өркениеттер өзара біте қайнасқан мекен екеніне назар аударды.

– Қазақ даласында әлемдегі ең негізгі діндер мен конфессиялардың барлығы дерлік тараған және бір-бірімен жарасым тапқан. Біз қазіргі Қазақстанда да осы игі дәстүрді сақтап, одан әрі дамытуға бар күш-жігерімізді саламыз. Еліміздің этносаралық және дінаралық келісімді нығайтуда тәжірибесі мол. Қазақстанның этностық әрі діни толеранттық моделі «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатына сүйенеді. Бұл ұстаным тіпті әлемдік өлшем тұрғысынан бірегей саналатын Қазақстан халқы ассамблеясының қызметінде де көрініс тапқан. Тарихтың өзі қалыптастырған халқымыздың төзімі, ынтымақ-бірлігі мен кең дүниетанымы бүгінде еліміздің бейбітсүйгіш, теңгерімді сыртқы саясатынан анық аңғарылады. Бұл саясат сенімге, диалогқа және ынтымақтастыққа негізделген. Жалпыға ортақ осы құндылықтар мен қағидаттар барша халықтар мен мемлекеттер үшін де маңызды екеніне сенімім кәміл, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев кеше Съезд аясында БҰҰ Өркениеттер альянсының діни нысандарды қорғау жөнінде арнаулы сессиясы ұйымдастырылғанын атап өтіп, жаһандағы гуманистік күн тәртібін ілгерілетуге сіңірген еңбегі үшін Альянстің жоғары өкілі Мигель Анхель Моратиносқа ризашылығын білдірді.

– Киелі діни орындар мен нышандарды қорғау арқылы біз, шын мәнінде, адамзат өркениетінің қайнар көзін сақтаймыз. Қазақстанда 18 конфессияға тиесілі төрт мыңға жуық діни бірлестік бар. Біз ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі секілді киелі жерлерді, ертеде және қазіргі заманда бой көтерген мешіттерді, православие мен католик шіркеулерін, Алматыдағы будда орталығы мен «Бейт Рахель Хабад Любавич» сияқты синагогаларды қорғап, қолдау көрсетеміз. Мемлекет діни қауым үшін ерекше маңызға ие барлық қасиетті орындардың сақталуын өз қамқорлығына алған. Маңғыстаудағы Бекет ата мешіті, Іле өзенінің жағасындағы Тамғалы тас будда петроглифтері, Алматыдағы Леви-Исхак Шнеерсонның қабірі, католиктер айрықша ардақтайтын Солтүстік Қазақстандағы Мәриямкөл – осының жарқын мысалы. Киелі жерлер наным-сенімі әртүрлі адамдарды біріктіріп, ұрпақтар сабақтастығы мен рухани байланысты сақтайды. Сондықтан біз үшін бұл жай ғана сәулеттік немесе тарихи ескерткіш емес, бейбітшіліктің, өзара құрмет пен халқымыздың мәдени саналуандығының символы, – деді Президент.