Қазақстан Таиланд пен Камбоджа арасындағы қақтығыстың бейбіт жолмен реттелуін құптайды
ҚР Сыртқы істер министрлігі 25-28 қазан күндері Куала-Лумпурда өтіп жатқан Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығының (АСЕАН) 47-саммиті аясында АҚШ Президенті Дональд Трамптың және Малайзияның Премьер-министрі Анвар Ибрагимнің тікелей қатысуымен Таиланд Корольдігі мен Камбоджа Корольдігі арасындағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеу жөніндегі бірлескен декларацияның қол қойылуын құптайды, деп хабарлады Elordainfo.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Оңтүстік Шығыс Азия өңірінде бейбітшілік пен тұрақтылықты қалпына келтіруге бағытталған тараптардың күш-жігерін жоғары бағалайды. Қол жеткізілген уағдаластықтар БҰҰ Жарғысының негізгі қағидаттарына, қауіпсіздік пен өркендеуді қамтамасыз етуге бейілділікті көрсетеді, сондай-ақ кез келген дауларды реттеуде дипломатиялық шешімдердің баламасыздығын дәлелдейді.
«Осы Бірлескен декларацияның қол қойылуы Таиланд пен Камбоджа арасындағы достық және тату көршілік қатынастардың одан әрі нығаюына берік негіз қалайтынына және АСЕАН аясындағы өңірлік ынтымақтастықты тереңдетуге өз үлесін қосатынына сенімдіміз», - делінген хабарламада.