Қазақстан Орталық Азия мен ЕО арасындағы өңіраралық байланыс перспективаларын айқындады
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Люксембургте Орталық Азия мемлекеттері, Шығыс серіктестік елдері, Түркия және Еуропалық одақ арасындағы инфрақұрылымдық өзара байланыс күн тәртібін ілгерілетуге арналған кездесуге қатысты, деп хабарлады Elordainfo.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға ЕО-ға мүше мемлекеттердің, Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ елдері мен Түркияның сыртқы істер министрлері қатысты.
Кездесу барысында көлік, цифрлық трансформация, энергетика және сауда салаларындағы өңіраралық өзара байланысты нығайтуға бағытталған практикалық қадамдар талқыланды.
Атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағдарын («Орта дәліз») дамыту, инфрақұрылым желілерін жаңғырту, қолжетімді «таза» энергиямен қамтамасыз ету және цифрлық трансформацияны дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Іс-шара барысында сөз сөйлеген Арман Исетов көлік саласының Қазақстан мен Еуропалық одақ және оның мүше мемлекеттері арасындағы Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімде көзделген 29 басым бағыттың қатарына кіретінін атап өтті.
«Аталған Келісімге қол қойылғанына биыл желтоқсанда 10 жыл толатыны маңызды оқиға. Бұл құжат – Қазақстан мен Еуропа арасындағы қарым-қатынастарды дамытудың берік іргетасы», - делінген хабарламада.
Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі экономика және негізгі транзиттік торап ретінде өзара байланыстылық күн тәртібін ілгерілетуде жетекші рөл атқарып отырғаны баса айтылды. Еуропалық серіктестерге соңғы онжылдықта көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға Қазақстан салған ауқымды инвестициялар (35 млрд АҚШ доллары) және іске асырылған жобалар, сондай-ақ осы бағыттағы алдағы жоспарлар таныстырылды.
Қазақстан өңірлік ынтымақтастық пен өңіраралық байланыстарды нығайтуға бағытталған практикалық шараларды әзірлеу мен іске асыруға белсенді қатысуға дайын екенін растады.
Кездесуге қатысушылар көлік, энергетика және цифрлық өзара байланысты дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыруды жалғастыруға уағдаласты.