Саясат

Қазақстан мен Италия Сыртқы істер министрлері кездесті

Рим қаласында Батыс Африка мәселелеріне арналған Акаба процесі саммиті аясында ҚР Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Италия Республикасының Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары – Сыртқы істер министрі Антонио Таянимен кездесу өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ермек Көшербаев Қазақстанның Еуропадағы сенімді серіктесі Италиямен көпжылдық қатынастарға зор мән беретінін атап өтті. Энергетика, «жасыл» технологиялар, машина жасау, агроөнеркәсіп кешені, білім және ғылым, сондай-ақ инфрақұрылым салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің маңыздылығына назар аударылды.

Өз кезегінде Антонио Таяни итальян тарапының Қазақстанмен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін білдірді.

«Кездесу барысында Италияның Еуропалық одақтағы Қазақстанның негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі және Оңтүстік Еуропа елдері арасындағы ең ірі сауда-экономикалық серіктесі екені аталып өтті. (2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 20 млрд АҚШ долларын құрады). Өз кезегінде Қазақстан да Орталық Азиядағы Италияның маңызды серіктесі болып қала береді және айтарлықтай энергетикалық әрі инвестициялық әлеуетке ие», - делінген ҚР СІМ хабарламасында.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Италия арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға бағытталған сындарлы диалог пен бірлескен күш-жігерді жалғастыруға өзара мүдделілігін растады.