Саясат

Қазақстан мен Беларусь екіжақты әскери ынтымақтастықты арттырады

Қазақстанға Қарулы күштер Бас штабының бастығы – Беларусь Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, генерал-майор Павел Муравейко бастаған шетелдік делегация келді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың Беларусь әскери делегациясы басшысымен өткен хаттамалық кездесуі барысында екіжақты ынтымақтастықтың оң динамикасы атап өтілді. Тараптар әскери қауіпсіздік саласындағы диалогты нығайту қажеттігін растады.

Кездесуге қатысушылар екі мемлекеттің әскери-оқу орындарында офицерлер құрамын оқытуға, Беларусь аумағында да, Қазақстанда да екіжақты оқу-жаттығулар өткізудің жоғары қарқынын сақтаудың маңыздылығына, бітімгерлік қызметке қатысты бірқатар мәселелерді талқылады.

- Қазақстан-Беларусь әскери ынтымақтастығы жыл сайын дамып, нығайып келеді.  Өткен жылы Қазақстан тауларында алғаш рет Қазақстан Десанттық-шабуылдау әскерлері мен Беларусьтің Арнайы операциялар күштерінің қатысуымен «Бауырластық шыңы» екіжақты оқу-жаттығуы өткізілді. Қазақстандық десантшылар Беларусьтің неміс-фашист басқыншыларынан азат етілуіне 80 жыл толуына және Тәуелсіздік күніне орай өткен шеруге қатысып, қазан айында Брест маңындағы «Орман бауырластығы-2024» жаттығуларына аттанды. Осы іс-шаралардың барлығы біздің елдерімізді жақындастырып, жақын, сенімді қарым-қатынастарға баса назар аударады, - деп атап өтті Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов.

Сонымен қатар жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу мәселелері, атап айтқанда Минск Суворов әскери училищесі тәрбиеленушілерінің Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Айбын» әскери-патриоттық жиынына қатысуы айтылды.

Астанада екі ел Қарулы күштері Бас штабтарының бастықтары, генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов пен генерал-майор Павел Муравейко әскери-стратегиялық зерттеулер орталығында, ҚР Ұлттық қорғаныс университетінде, Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында болып, мекемелердің құрылымымен және қызметімен танысты.