Саясат

Қазақстан елшісі Финляндиямен екіжақты қарым-қатынастардың негізгі басымдықтарын атады

Бұл туралы Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қазақстан мен Финляндия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар 1992 жылғы 13 мамырда орнатылды. Араға он жыл салып, Хельсинки қаласында Қазақстан Республикасының Елшілігі ашылды.

«Финляндиядағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Азамат Әбдраимовпен өткен кездесуде өңіраралық байланыстарды одан әрі нығайтуға қатысты бірқатар мәселелер талқыланды.

Елші өз қызметінің басты бағыттары ретінде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты, көлік-логистикалық кооперацияны, азық-түлік өнеркәсібін, тұрақты даму, жасыл энергетика және инновациялар салаларын атады. Екіжақты қарым-қатынастарды нығайту – негізгі басымдықтардың бірі екенін атап өтті», - деп жазды Е.Каналимов.

Айта кетерлігі, Финляндияда Қазақстан туралы, оның жетістіктері мен мәдениеті жайлы көп білетіндер бар. Бұл елдің Қазақстанға деген қызығушылығы екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі дамуына үлкен мүмкіндіктер ашады.

Сондай-ақ Ерлан Каналимов Хельсинки қалалық кеңесінің төрағасы Ретта Ванханенмен кездесу барысында түрлі салалардағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Финляндия астанасы сегіз әкімшілік округке бөлінген. Хельсинки көлік кептелісі ең аз қалалардың бірі ретінде ерекшеленеді. Бұл елде теміржол тасымалы жоғары деңгейде дамыған, ал электропойыздар жергілікті өндірістен шығарылады. Қоғамдық көлік автобустар, трамвайлар, паром желілері және метро арқылы қызмет көрсетеді.

Кездесу барысында әріптестеріміздің Астанаға жауап сапары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қоғамдық көлік, мәдениет, білім беру және өзге де салалардағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған меморандумға қол қою жөнінде келісімге қол жеткізілді, - деді ол.