Саясат

Қатар Қазақстанға қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсетеді

Мәжіліс Қазақстан мен Қатар арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Құжатқа 2024 жылдың 14 ақпанында Дохада қол қойылған.

Келісім қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету мәселелеріне қатысты өзара іс-қимылға жауапты орталық органдарды айқындайды. Ол өзара іс-қимыл мәселелерін егжей-тегжейлі реттеп, көрсетілетін көмектің тізбесін, одан бас тарту негіздерін, сондай-ақ құпиялылық шарттары мен ақпаратты немесе дәлел бола алатын заттарды пайдалануға шектеулерді анықтайды.

Сонымен қатар іс жүргізу әрекеттеріне қатысушылардың құқықтары мен қамауға алынған немесе бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатқан адамдарды уақытша ауыстыру шарттары белгіленеді. Қылмыстық әрекеттен түскен заттарды, құжаттарды, қаржылық активтерді және басқа да түсімдерді анықтауға, ашуға, қамауға алуға және тәркілеуге көмек көрсету шарттары көрсетілген.