Саясат

Асқар Ақаев өзіне Қырғызстанның экс-президенті мәртебесін қайтаруды сұрады

Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаев өзіне экс-президент мәртебесін қайтаруды сұрады. Тиісті хат Жогорку Кенешке түскен, деп хабарлады Elordainfo.kz Sputnik Қырғызстан-ға сілтеме жасап.

Конституциялық заңнама, мемлекеттік құрылым, сот-құқықтық мәселелер және регламент жөніндегі парламенттік комитеттің басшысы Чолпон Султанбекова басылымға Ақаевтан хат парламент спикерінің атына 30 шілдеде түскенін айтты.

«Торага Нұрланбек Шәкиев Ақаевтың біздің комитетке жазған хатын жолдады, мен оны бүгін таңертең алдым. Бірақ бұл - жылдам процесс емес. Барлық фракциямен, депутаттармен кеңесу керек. Егер бұл орынды болса, онда мәселе күн тәртібіне шығарылып, шешім қабылданады», - деді Султанбекова.

БАҚ мәліметтері бойынша, қызғалдақ төңкерісінен кейін (2005 жылы) Жогорку Кенеш оны «Тұңғыш президент» мәртебесінен айырды. 2010 жылғы сәуір төңкерісінен кейін Уақытша үкіметтің жарлығымен ол «экс-президент» мәртебесінен де айырылды.