Халықтың өтініші орындалды – Оразкүл Асанғазықызы
Оразкүл Асанғазықызының айтуынша, жер-су атауларын қазақша атау, әуелгі аттарын қайтару өмірлік ұстанымының бірі, осы жолда күресіп те келеді.
-->Бұл Жолдау біздің биліктің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» екенінің айқын дәлелі болды. Жері кең, аудандары бір-бірінен алыс орналасқан елімізде қарапайым тұрғындардың облыс орталығына баруы, шынымен де, оңай емес болатын. Осы бір қиыншылығын халық көптен бері айтып жүрген. Жолдауда халықтың осы талабы алдымен ескерілген. Сосын мен шекарадағы аудандардың жағдайына қатты алаңдайтын едім, мәселен, көрші елдер шекарасына жақындатып қала соғып жатса, біздің шекаралық аудандарымыз шет қалып жатыр. Міне, осы тұрғыдан алғанда, Алматы облысы мен Жетісу облысын бөлгені, Семейде Абай облысының құрылғаны, Ұлытау облысының шаңырақ көтергені өте дұрыс шешім болды. Бізді кезінде басып алып, басыбайлы боданы ретінде бағындырғысы келген жұрттың бәрі алдымен жер-су атауларына ауыз салды ғой. Мәселен, менің туған жерім Төле би атамыз дүниеге келген Төле би ауылының атауын 1903 жылы Ресейдің Троицк қаласынан үш кулак көшіп келеді де, мыңдаған қазақ отбасы тұратын ауылдың атауын «Новотройцкое» деп өзгертіп жібереді. Бәйдібек бабамыздың жатқан жері Бәйдібек ауданын Китаевка, Домалақ ананың жатқан жері Глинкова болып кетті. Сол кезде осы ауданда 50 елді мекеннің 38-інің атауын ауыстырған. Сол Новотройцкіні тәуелсіздік алғаннан кейін әуелгі атауын Төле биге өзгерткеніміз сияқты Ұлытау, Абай, Жетісу облыстарының құрылуы біздің ұлттық рухымызды көтереді. Жер-суға ие болу үшін, ұлттық рухты көтеру үшін, ең алдымен, жер-су атауларына ден қоюымыз керек. Қазақ – жер-су атауларын қоюға өте шебер, шешен халық. Әрбір атаудан сол өңірдің басты ерекшелігі айқын аңғарылып тұрады. Демек, жер-су аттарында да қасиет, кие бар. Осы тұрғыдан алғанда, Ұлытаумен рух келеді, Абай атымен ұлттық сана-сезіміміз асқақтайды, – деді ол.
Оразкүл Асанғазықызының айтуынша, жер-су атауларын қазақша атау, әуелгі аттарын қайтару өмірлік ұстанымының бірі, осы жолда күресіп те келеді.
Табаныңның астындағы жерді өз тіліңде атай алмасаң, төбеңдегі аспан менікі деп айта алмайсың. Бұл – ақиқат. Жақында мәлім бір ауданның әкімі «көшеге қазақтың әйгілі тұлғаларының есімін бергеннен не өзгереді? Жол өздігінен жасала ма?» деп санасы оянбаған, тәуелсіздіктің қадірін білмейтін жетесіз екенін көрсетті. Жолдауда айтылған жоғарыдағы өзгерістер сондай мәңгүрттерге де үлкен сабақ болды.
Елімізде 40-тан астам қала салған Қонаевтың есімін бір қалаға беру 30 жыл бойы айтылып келе жатқан мәселенің бірі еді. Президенттің Қапшағай қаласына Д.Қонаевтың есімін беруге қарсы емеспін деп қолдау көрсетуі – халықтың 30 жыл бойы айтып келе жатқан талап-өтінішіне құлақ асқанының белгісі. Демек, бұл Жолдау халық пен биліктің арасын шынайы жақындатты. Енді бұған бәріміз жұдырықтай жұмылып атсалысуымыз керек. Әсіресе, Президенттің төңірегіндегі азаматтар жалғыз Мемлекет басшысына қарап отырмай, білек сыбанып жұмыс істеуі тиіс. Мынау Қазақстан деген мемлекетке әркім өз қолынан келген жәрдемін жасап, еңбегін сіңіруі керек. Өйткені «саусақ бірікпей, ине ілікпейді». Ел де, жер де өзіміздікі, енді әр қазақ өзінің рухын көтеріп, өзін дамытса, бүкіл Қазақстан өркендейді, ұлттың ұлы өркендеуі осылай басталады. Жұдырықтай жұмылып жұмыс істемесек, тәуелсіздіктің өзі қолымыздан сусып кетуі мүмкін. Сосын да Жолдаудың соңын Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз үшін жеке адамдардың пікірі емес, тәуелсіздікті ұстап қалу маңызды» деп текке айтқан жоқ, – деді тіл жанашыры.