Арқалықтың дамуына арналған жеке үкіметтік бағдарлама қажет – Берік Әбдіғалиұлы
Оның айтуынша, Семей облысына Абайдың есімін беру өте жарасымды, тарихи әділ әрі заңды қадам.
-->Мәжіліс депутаты ретінде Парламентке қатысты айтылған тұжырымдарды бірден талдап-талқылауға кірісеміз деп ойлаймын. Одан өзге «мәслихаттардың ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту қажет екені» туралы пікір де стратегиялық маңызды қадам.
Мәжіліске келгенге дейін Ұлытау ауданында, Орталық Қазақстан өңірінде жауапты қызметтер атқарғандықтан, облыстардың жаңадан құрылуы мәселесіне кеңінен тоқталғым келеді. Бұл шешім демографиялық ахуалды да, өңірлердің дамуын да назарға ала отырып қабылданды деп есептеймін. Ұлытау жайын айтсақ, бұрынғы Жезқазған облысы, жалпы Орталық Қазақстан халқы үлкен қалаға көшіп жатыр. Себебі орталық ауысқан соң өңірден күй кетті. Иә, Жезқазғанда «Қазақмыс» компаниясы бар. Сонда да облыс орталығы мәртебесінен біраз уақыт айырылған өңірдің болашағы бұлыңғыр ма деген бір ой жергілікті халықты мазалап келгені рас. Осы мәселенің шешімін табу үшін, халық саны өскен өңірлерге облыс мәртебесін беріп, өңірді дамыту бағдарламаларын бірден қабылдау керек. Ауыл шаруашылығы, өндіріс, кәсіпорындар жұмысын реттеп, сол арқылы бүкіл өңірді дамытуды назарға алған жөн.
«Жаңадан құрылатын облыстардың Абай, Ұлытау, Жетісу деп аталуында ерекше мән бар. Біз ұлан-ғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз», – деді Президент.
Ұлытау – қазақ үшін қасиетті ұғым. Қазақ кие тұтатын аймақ. Былтыр Президент Қ.Тоқаев Ұлытауға барып Жошы хан тарихи кешенінің ашылу іс-шарасына қатысты. Бұл да Ұлытау облысының құрылуына себеп болған оқиға ма деп ойлаймыз. Ұлытау облысының жеке шаңырақ көтеруі арқылы болашақта халықаралық іс-шаралар өткізу, туризмді дамыту сияқты кешенді жоспарларды жүзеге асырып, халықтың демографиялық өсуіне де септігін тигізеді деп сенеміз, – деді Берік Әбдіғалиұлы.
Оның айтуынша, Семей облысына Абайдың есімін беру өте жарасымды, тарихи әділ әрі заңды қадам.
Мұны халық бұрыннан күтіп жүрген ақжолтай хабар. Абайдың туғанына 175 жыл толу мерейтойында да бұл мәселе айтылған еді. Қазақ жерінде Абай атында үлкен облыстың болуы халық үшін үлкен қуаныш. Бір кездері Алаштың астанасына айналған, алашордалықтардың киелі ордасы саналған Семейдің Абай облысының орталығы болуы да заңдылық қой. Алашорда азаматтарының үлкен армандары орындалған қаланың Абайдай алыптың атын иеленген өңірдің кіндігіне айналуы шын мәнінде айтулы оқиға.
Алматы облысына келсек, халық санының өсуіне орай тағы бір облыс ашу туралы шешім қабылданып отыр. Ол – Жетісу облысы. Құдай қаласа, Қапшағай қаласына саяси қайраткеріміз, қазақтың даңқты ұлдарының бірі Д.Қонаевтың есімі беріледі. Бұл да тарихи әділеттілік!
Жаңа облыстар ашылса, жаңа лауазымды әрі жауапты қызмет орындары керек болып, штат ашылады, ол экономикалық тұрғыдан қаншалықты тиімді деген мәселеге келсек, бұл қиындықтың бәрін айналып өтуге болады. Мысалы, Ұлытау облысына Қарағанды облысы әкімдігінің біраз штатын жіберуге болады. Алматы облысында да сондай қадамдар жасау керек. Бар штаттық режиммен қосымша облыстық әкімшіліктерді құрастыруға болады деп ойлаймын. Ең бастысы, жаңа облыстардың құрылуы халықтың, өңірдің дамуына ықпал етіп, әкімшілік жүйенің оңтайландырылуына жол ашады.
Енді бір мәселе шеттеп қалды. Ол – Торғай. Торғай облысын қайта құрар күн де алыс емес шығар. Ол уақытқа дейін Арқалықтың дамуына арналған жеке үкіметтік бағдарлама қажет деп есептеймін. Себебі ол жақтан да халық көшіп кетіп жатыр. Сондықтан Арқалық өңіріне, Торғай өңіріне үкіметтің бір арнайы бағдарламасы керек-ақ.
Бұл Жолдаудан түйгеніміз, мұндай өзгерістер, ең алдымен, Қазақстан халқы үшін маңызды. Енді осы бастамалар мен бағдарламалардың дұрыс әрі уақытылы орындалуына әр қазақстандық, әр азамат мүдделі болуға тиіс, – деді Мәжіліс депутаты.