Саясат

Дихан Қамзабекұлы: Аманат – сөз бен істің бірлігі

Дихан Қамзабекұлы Аманат – елдік және мемлекетшілдік дәстүрге адалдық екенін айтты. Оның пайымынша, Аманат – баяндылықтың жалғасы. Аманат – әділеттілік, сабақтастық, өрлеу жолы. Аманат – сөз бен істің бірлігі. Аманат – отбасыдан бастап асқақ Отанға дейінгі құндылықтар жүйесіне жауапкершілік.

-->

Дағдарысты – даналық жеңеді, сергелдеңді – сенім жеңеді. Даналық та, сенім де – халықтың бойында, парасатында. Сан ғасырлық тарихында. Тарам-тарам тағдырында. Осының бәрі – әрі тағылым, әрі аманат.

Кешегі қаңтар қасіреті мен бүгінгі Ресей-Украина арасындағы соғыстан кейін бәріміз де ел ахуалына алаң көңілмен қарайтын болдық. Бірінің тергеу қорытындысын, екіншісінің әлемдік пәтуасын күтіп отырмыз. Мұның да байыптатар сабағы бар.

Бүгін жаңаруға бағыт ұстанған «Нұр Отан» съезі өтті. Қатысудың, ұсыныс пен талқылауды құлақ оты жерден тыңдаудың сәті түсті. Партияның жаңарамыз, сапаланамыз, халық мүддесіне жақындаймыз, құрғақ есеп пен сөзуарлықтан арыламыз деген ниеті қолдауға лайықты. «Елдің жетекшісі бір партияның ғана басшысы болуы қалай көрінеді?» деп ойлы сөз айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлының пікірі жадымызда тұр. Өткенде Президент мұны әлем тәжірибесін салмақтап барып айтты. Сонымен бірге өркениетті дүниенің бәрінде елдің басшысын мемлекет билігі сахнасына артындағы қалың елі, сенімді партиясы әкелетінін де ұмытпалық.

Бүгін «Нұр Отан» қоғамды да, әлемді де дүр сілкіндірмей «Аманат» болып жаңғырды. Қазір мұны «ребрендинг» дейтінін жас балаға дейін біледі. Жақсы атаумен жаңарғанында да ізгі ниет, ілкі жоспар-жоба бар, – деді ғалым.

Дихан Қамзабекұлы Аманат – елдік және мемлекетшілдік дәстүрге адалдық екенін айтты. Оның пайымынша, Аманат – баяндылықтың жалғасы. Аманат – әділеттілік, сабақтастық, өрлеу жолы. Аманат – сөз бен істің бірлігі. Аманат – отбасыдан бастап асқақ Отанға дейінгі құндылықтар жүйесіне жауапкершілік.

Әлбетте, жақсы атаумен елдік жұмыс біте салмайды. Күлтегінше толғағанда, «күндіз отырмау, түнде ұйықтамау, қара терді төгу, елді қорғау» - парыз. Енді бұрынғыдай «мата даңқымен бөз өтпейді». Шенеунік болдым деп шіренбей, депутат болдым деп тіренбей, жерге түсіп, халық арасында жұрт мүддесін сезініп, тіпті қара жұмысын бөлісіп, тер төгу қажет. Ел аманаты – осы. Мемлекет басшысының ойы да осы өреде деп ұқтық.

Ал, ендеше іске сәт! – деп жазды профессор.