ҚХА - 30

Равиль Валеев: Бірлік күні - этностар арасындағы достықтың терең символы

Астана қаласы Қазақстан халқы ассамблеясының Медиаорталығының басшысы Равиль Валеев 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесіне орай пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Жыл сайын Қазақстанда 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні аталып өтеді. Бұл күнтізбедегі жай ғана күн емес, бір аспан астында өмір сүретін барлық этностар арасындағы ұлттық келісімнің, достық пен құрметтің терең символы. Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі арқылы бұл күн біздің елімізде құрылған бейбітшілік пен келісім моделінің жанды иллюстрациясы ретінде ерекше маңызға ие. Өздеріңізге мәлім, Қазақстан халқы Ассамблеясы 130-дан астам этнос өкілдерін біріктіретін бірегей қоғамдық-саяси институт ретінде құрылды. Ел Президентінің басшылығымен ол этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың берік іргетасына айналды. Бүгінгі таңда ҚХА тек диалог алаңы ғана емес, сенім, өзара түсіністік пен ортақ азаматтық бірегейлікті нығайтудың нақты тетігі болып отыр», - деді Равиль Валеев.

Медиаорталық басшысы Бірлік күніне орай ұйымдастырылатын іс-шаралараға ҚХА өкілдері белсенді атсалысатынын айтты.

«Бірлік күні еліміздегі қалалар мен ауылдарда этномәдени шаралар, концерттер, көрмелер және жәрмеңкелер өтеді. Онда әртүрлі этнос өкілдері өздерінің салт-дәстүрі мен ұлттық тағамдарын және қолөнерін көрсетіп, дәріптейді.  Қазақстан халқы Ассамблеясы мерекелік іс-шараларды ұйымдастыруға маңызды үлес қосады. Бұл мәдениеттің көрінісі ғана емес, ынтымақтастық пен болашақты бірге құруға деген ұмтылыс деп ойлаймын.  Сонымен қатар бұл күн еліміздегі бірлікті нығайтуға атсалысып жүрген әрбір азаматқа алғыс білдіруге себеп деп айтар едім.  Биылғы жылы жастар бастамаларына ерекше көңіл бөлініп жатыр.  Достық пен өзара сыйластықты дәріптеу арқылы болашақта толерантты және патриот жастар тәрбиеленеді деп сенеміз», - деді Равиль Валеев.