Еліміздегі реформалардың өзегінде теңдік қағидаты тұр – Ерлан Абдиев
Мәжіліс депутаты Ерлан Абдиев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясынан кейін өзінің Facebook-тегі парақшасында осылай деп пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясына қатысты. Мен де осы маңызды жиынға қатысып, еліміздегі ауқымды өзгерістер мен реформалардың басты өзегінде теңдік қағидаты тұрғанына тағы бір мәрте көз жеткіздім.
Президент сессия барысында мынадай маңызды тұжырым айтты:
«Қазақстанда тұратын барлық этностардың өз құқықтарын іске асыруына, төл мәдениетін, тілін және дәстүрлерін дамытуына тең мүмкіндік беру, барлық азаматтардың тең құқылығы – Әділетті Қазақстан тұжырымдамасының ажырамас бөлігі болып табылады».
Осы тұжырым – ең алдымен, еліміздегі этностар арасындағы татулық пен келісімді қамтамасыз етуге бағытталғанымен, оның мазмұны әлдеқайда терең. Бұл — Конституциямызда бекітілген, әр азаматтың тең құқығы, ұлтына, әлеуметтік жағдайына немесе мүмкіндігіне қарамастан заң алдында бәрінің бірдей екендігін көрсететін негізгі қағидамен үндеседі.
Сессия барысында айтылған пікірлер мен көтерілген мәселелердің бәрінен аңғарғаным – әділетті қоғам құру жолында теңдік қағидаты негізгі басымдық ретінде қарастырылып отыр. Тек әр азаматтың дауысы естілетін, құқығы қорғалатын және мүмкіндігі тең қоғамда ғана шынайы Әділетті Қазақстан қалыптасады», - деп жазды депутат.