Президент: Стратегиялық бағдарымызға сай әрекет ету – алдымызда тұрған міндет
Берекесіздікке бой алдырмау үшін әлемдік қауымдастық мүдделер тоғысатын тұсты іздеуге, күрделі шешімдер қабылдауға және амалсыз мәмілелер жасауға мәжбүр болады. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Диалог жоқ жерде, қарсылық пен түсініспеушілік туындайды. Қазіргі сын-қатерлерді ауқымды халықаралық ықпалдастық арқылы ғана жеңе аламыз деп сенемін. Өзара біте қайнасқан әлемде ғаламдық мәселелерді шешудің бұдан басқа жолы жоқ. Сондықтан прагматизм мен өзара құрметке, теңдікке, әділдікке, ешкімді алаламауға негізделген сындарлы келіссөздер мен тұрақты байланыстар халықаралық жағдайды оңалтып, шиеленістердің түйінін тарқатады.Қазір бүкіл әлемнің болашағы бұлыңғыр болып тұр. Осы алмағайып заманда стратегиялық бағдарымызға сай әрекет ету – алдымызда тұрған аса маңызды міндет. Біз қолға алған ауқымды жобаларды жүзеге асыра береміз. Елімізге инвестиция тартып, өнеркәсіп саласындағы әлеуетімізді арттырамыз. Біз қазіргі ахуалды ескере отырып, ұзақ мерзімге арналған мақсаттарымызға қол жеткізу үшін тиянақты әрі тиімді жұмыс істеуіміз керек», - деді Президент.