Нұрлан Әуесбаев: Татулық пен келісімді дәріптеу – жалпы мемлекеттің тұтастығын бекемдеу
Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар маңызды міндеттер жүктеді. Бұл міндеттер елдің әлеуетін арттыру жолындағы үлкен күш деп түсінемін. Мәжіліс депутаты Нұрлан Әуесбаев ел өміріндегі өзекті оқиғаға қатысты осылай деп пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Президент, ең алдымен, Ассамблея аймақтардағы жұмысты жандандыру керегін айтты. Шындығында, өңірлерді біз ешқашан ұмытпауымыз керек. Әсіресе, шалғайдағы елді-мекендер мәселесіне келгенде кейде кемшін тұстардың орын алып жататыны анық. Сондықтан өңірлерді қандай жолмен болсын алға тартуға міндеттіміз.
Екіншіден, ақпараттық кеңістікте бірлік пен келісім идеяларын кеңінен дәріптеудің маңыздылығына тоқталды. Шындығында, бұл - Ассамблеяның барлық құрылымына, әсіресе, журналистер ортасы үшін кезек күттірмейтін міндет. Себебі татулық пен келісімді дәріптеу - жалпы мемлекеттің тұтастығын бекемдеу деген сөз. Міне, осы арқылы өңірлердегі ақпарат құралдарын да қолдау қажеттігін сөз етті.
Депутат Президент атап өткен "Бірлігіміз — әралуандықта" қағидатына тоқталды.
Үшіншіден, «Бірлігіміз — әралуандықта» қағидатын жүзеге асыру үшін мәдениет пен өнердің әлеуетін толық пайдаланған дұрыс» деді Президент. Шындығында, қанша ұлт болса, сонша мәдениет бар. Мемлекет басшысы атап өткен Александр Пушкин, Тарас Шевченко, Федор Достоевский, Михаил Шолохов сынды әдебиет пен мәдениет өкілдерін халық арасында дәріптеп, олардың мұражайларын ашу, оған қолдау көрсету тек Қазақстан халқы үшін ғана емес, өзге мемлекеттермен де арадағы қарым-қатынастың алғышарты болып отыр. Сондықтан достықты ту еткеннен кейін түгел елді, барша ұлтты жақындастыра білудің маңызы орасан. Міне, бұл - елдіктің, егемендіктің арқауы»,- деді Нұрлан Әуесбаев.