Халықтық мейрамдарға баса назар аударуымыз қажет – Қасым-Жомарт Тоқаев
Шетелдік қонақтар Қазақстанда түрлі салт-дәстүрдің бір-бірімен үйлесім тапқанына таң қалады. Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бірер күн бұрын достық пен бірлік рухында Пасха мерекесін атап өттік. Шуақты мереке қарсаңында митрополит Александр Қазақстандағы қызметіне 15 жыл толуына орай жоғары мемлекеттік награда – І дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды. Биыл православ және католик қауымдарының Пасха мейрамы қатар келді. Мұның символдық мәні зор. Бұл – сирек қайталанатын құбылыс. Орайлы сәтті пайдалана отырып, еліміздегі барша христиандарды осынау мерекемен тағы да құттықтаймын. Шетелдік қонақтар Қазақстанда түрлі салт-дәстүрдің бір-бірімен үйлесім тапқанына таң қалады. Бұл олар үшін мультикультурализм және мультиэтникалық тұжырымдамалар тоқырауға ұшырап, тіпті, жоққа шығарылып, батыс әлемі жаһанданудан бас тартып, оқшаулануға қадам басып жатқан кезеңде қайран қаларлық құбылыс. Біздің іс жүзіндегі тәжірибемізден мәдениетті жатсынбайтын бірегей болмысымызды аңғаруға болады. Діліміз бен тұрмыс салтымыздың бір бөлігіне айналған нағыз халықтық мейрамдарға баса назар аударуымыз қажет. «Наурыз», «Масленица», «Сабантой» және басқа да халықтық мерекелер ас ішіп, аяқ босататын, көңіл көтеретін ғана емес, ұлтымыздың рухы мен тарихын көрсететін іс-шаралар. Қазақстандағы көптеген этностың дәстүрі, тілі, әдет-ғұрпы осы жиындарда тоғысады. Бұл – «Бірлігіміз – әралуандықта» деген қағидаттың нақты көрінісі», - деді Президент.