ҚХА - 30

Ежелгі заманнан бері украиндықтардың қазақтармен мәдени жақындығы бар - Тамара Ширмер

Елімізде 30 жылдан бері бейбітшілік пен достықта өмір сүріп жатқан көп ұлтты қоғам арасында украин халқы да маңыздылыққа ие. 2003 жылы Астана қаласында  «Оберег» украиндар қоғамы» қоғамдық бірлестігі  құрылып, ел астанасында тұратын украиндықтар бас қосатын орталыққа айналды. Бүгінде қоғамдық бірлестіктің атқарып отырған қызметі туралы төрайым Тамара Ширмер айтып берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

-Тамара ханым, ең алдымен «Оберег» украиндар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің құрылу тарихына тоқталып өтсеңіз.

-  Қазақстанда тұратын әрбір ұлт ортақ тарих жасауға атсалысады. Бұл тарихи шежіреге украиндықтар да лайықты үлес қосып келе жатыр деп айта аламын. Елордадағы «Оберег» украиндар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 22  жыл толып отыр. Бұл елордада тұратын украиндықтар үшін маңызды шешім болды. Біз украин этносының әдет-ғұрпы мен төл мәдениетін сақтауды және ел халқының бірлігін нығайтуды мақсат еттік. Бірлестік құрамында 11 аймақтық украин этно-мәдени орталықтары бар «Қазақстан украиндарының Радасы» республикалық заңды тұлғалар бірлестігіне қарайды. Қоғамдық ұйым Л.Н.Гумилев атындағы университет базасы аясында құрылған «Қазақстан украиндарының Радасына» қарасты Украина ғылым және мәдениет орталығымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді.

- Қоғамдық бірлестік атауы қандай мағына береді?

- Қоғамдық бірлестіктің атауы маңызды мағына береді. «Оберег» деген адамды бір нәрседен қорғау және сақтау деген түсінік береді.  Бүгінде Қазақстанда украиндықтардың саны 387 327 адамға жетті. Астанада 19 692 украин тұрып жатыр. Еліміз бойынша  украиндықтардың ең көбі Қостанай облысында тіркелген, олар -102 070 адам. Алайда, украин тектес, оның ішінде ішінара ұлтаралық отбасыларда украин тегі бар адамдарды ескере отырып, бұл сан ресми мәліметтерден едәуір асып, 1 миллионнан астам адамға жетеді.

  – Бүгінде қоғамдық бірлестік қандай қызметті атқарып отыр?

- Бірлестік қоғамдық-саяси өмірге белсене атсалысады. Сәйкесінше елорданың белсенді этномәдени бірлестіктерінің біріне айналды. Ол еліміздің қоғамдық-саяси өміріне араласып, ҚР Президенті мен ел Үкіметі қойған міндеттерін қолдайды. Елорда мен жалпы республиканың азаматтық қоғамын қалыптастырудың өзекті мәселелері бойынша сессияларға, форумдарға, съездерге, диалог алаңдарына, конференцияларға, семинарларға, акцияларға белсене қатысады.

«Оберег» украиндар қоғамы Дүниежүзілік украиндық үйлестіру кеңесі, украиндардың дүниежүзілік конгресі, Т.Г.Шевченко атындағы Киев ұлттық университеті, Украинаның Білім және ғылым министрлігі және Канев қаласындағы Шевченко ұлттық қорығымен халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады.

фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Тамара ханым, қоғамдық бірлестік қандай әлеуметтік жобаларды қолдайды?

– Әлеуметтік жобалар ішінде «Балаларға бақыт сыйлайық» қайырымдылық әлеуметтік жобасын ерекше атап өткім келіп отыр.  Жоба аясында «SOS Астана балалар ауылы» балаларға және «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы» АҚ-да емделіп жатқан аурудың ауыр түріне шалдыққан балаларға көмектесеміз. Сонымен қатар әлеуметтік-экологиялық акцияларға және «Мектепке жол» қайырымдылық республикалық акциясына белсенді қатысамыз.

Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі балаларға, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне, тыл еңбеккерлері мен қарт адамдарға атаулы қайырымдылық көмек көрсетеміз. Сондай-ақ қиын жағдайға тап болған Қазақстан мен Украина тұрғындарына қолдау білдіреміз.

- Осы орайда мәдени жобаларға да тоқталып өтсеңіз.

- Этномәдени бірлестік аясында «Рідне слово» украин этнолингвистикалық бірлестігі, «Чарівни джерела» жастар қанаты, «Берегиня» қолөнершілердің клубы, Н.Литошко атындағы халық вокаль ансамблі, «Вышиванка» балалар вокаль ансамблі, «Стефания», «Василина», «Соломия» хореографиялық ұжымдары жұмыс істейді. Шығармашылық ұжымдардың өнері халықаралық, республикалық және қалалық байқаулар мен фестивальдерде Гран-при дипломдарымен және сыйлықтармен марапатталып жүр. Жастар қанатының мүшелері ашық диалог алаңдарына, дөңгелек үстелдерге, форумдарға, фестивальдерге, Шевченков оқуларына, ардагерлермен кездесулер мен байқауларға қатысып, шеберлік сабақтары, семинарлар мен  шағын футболдан турнирлер өткізеді.  Жалпы бірлестік өткізетін барлық іс-шара этностық тұтастықты сақтауға бағытталған және этносаралық және конфессияаралық ынтымақтастық жағдайында жалпықазақстандық мәдениетті қалыптастыруға толыққанды үлес болып табылады.

фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

- Бірлестік құрамындағы жексенбілік мектептің басты мақсаты қандай?

- «Рідне слово» украин этнолингвистикалық жексенбілік мектебі 2008 жылдың ақпанында ашылды. Мектептің басты мақсаты - әр ұлттың оқушыларына украин этносының тарихы мен мәдениетін зерделеуге мүмкіндік беру. Оқушыларға жалпыадамзаттық құндылықтар туралы түсіндіріп, украин тілін еркін оқуға және жазуға көмектеседі. Мектептің негізгі қызметі украиндықтардың этникалық тұтастығын, мәдениетін, тілін сақтау, оларды Қазақстан этностарының бірі ретінде рухани жаңғырту, ұлттық сана-сезімін, ұлттық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын дамыту болып табылады.

Мектепте жоғары білімі бар бес оқытушы жұмыс істейді. Олар оқушыларға украин және қазақ халықтарының әдет-ғұрыптарын түсіндіреді. Мұғалімдер ұлтаралық қарым-қатынас мәдениеті туралы айтып, украин және қазақ этнопедагогикасының мәселелерін шешуге көмектесетін іс-шаралар өткізеді. Сонымен қатар халықтық мейрамдар мен Украина мен Қазақстанның айтулы даталарына орай мерекелік жиындар ұйымдастырады.

- Тамара ханым, қалай ойлайсыз,  қазақ пен украин ұлтын не байланыстырады?

- Қазақстан - полиэтникалық мемлекет, онда украиндар ең ірі этностар арасында төртінші орынды алады. Ежелгі заманнан бері украиндықтардың қазақтармен мәдени жақындығы бар. Екі халық та патшалық Ресей, содан кейін Кеңес Одағы кезінде бір мемлекетте бірге өмір сүрді. Әр уақытта және әр түрлі себептермен жүздеген мың украин Қазақстанда келді. Олар бауырлас қазақ халқының ыстық ықыласына, қолдауына, түсіністігіне ие болды. Соның арқасында украиндықтар осы жерден екінші баспана тауып, өмір сүріп, Қазақстанның экономикалық және гуманитарлық әлеуетін арттыруға белсене атсалысты.

Менің ойымша, рухани келісім - бейбітшілік пен тыныштыққа апаратын жалғыз жол. Украиндықтар қазақ жерінде өздері таңдаған дінді еркін ұстанады, ана тілдерінде сөйлейді, өз мәдениеті мен дәстүрлерін сақтап келеді.  Осылайша олар өздерін Егемен Қазақстанның азаматтары ретінде сезінеді және мақтанады. Біз халқымыздың ортақ болашағы болғанын қалаймыз.  Қонақжайлылығы мен қамқорлығы үшін қазақстандықтарға алғысымызды білдіреміз

- Сұхбатыңызға рақмет!