ҚХА - 30

Этносаралық келісім: Бас редакторлар клубы мен ҚХА журналистер клубы меморандумға отырды

Алматыда Бас редакторлар клубы мен ҚХА журналистер клубы БАҚ-та этносаралық және діни мәселелерді жариялау жөнінде Этикалық кодекс қабылдауды, арнайы медиа кеңесін құруды, «толеранттылық және медиаэтика» пәнін журналистика мамандықтарына енгізуді қарастыруды талқылады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жиын барысында Сенат депутаттары, Бас редакторлар клубының басшысы Бибігүл Жексенбай мен ҚХА журналистер клубының төрағасы Алишер Сатвалдиев этносаралық қатынастарды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау мәдениетін қалыптастыруда бірлесе жұмыс жүргізу мақсатында меморандумға қол қойды.

«Көпэтносты Қазақстан үшін БАҚ-тың рөлі айрықша. Әрбір сөз, әрбір жарияланым қоғамдағы сенім мен татулыққа әсер етеді. Сондықтан журналистің кәсіби этикасы – бұл тек мамандық талабы емес, ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық келісімнің кепілі», - деді Бибігүл Жексенбай.

Оның сөзінше, көптеген елде этносаралық тақырыптарды жариялауда нақты этикалық нормалар бар.

«Мысалы, Ұлыбританияда Ofcom өшпенділік тіліне жол бермейді; Канадада журналист осы бағыттағы «нәзік» тақырыптарды этностық топтармен кеңесіп барып жазады; Еуропа Кеңесінің хартиясында: «Журналист қоғамды бөлуге емес, түсіністікке қызмет етуі тиіс», - делінген. Бұл – жауапты журналистиканың ортақ қағидаты. Біздің елде 130-дан аса этнос өмір сүреді, сондықтан сөз мәдениеті келісім мәдениетімен тікелей байланысты. Бұл іс-шаралар – сөз бостандығын шектеу емес, сенім мен кәсібилікті арттыру тетігі. Халқымыз «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді. Ақпараттық дәуірде бұл қағида бұрынғыдан да өзекті. Біздің міндетіміз – сөз арқылы келісімді, түсіністікті және өзара құрметті нығайту», - деді Бас редакторлар клубының басшысы.

Айта кетсек, «Бас редакторлар Клубы» – құрамына Қазақстанның 250-ден аса бұқаралық ақпарат құралдарының бас редакторлары мен жетекшілері кіретін ерікті қоғамдық бірлестік. Ұйымның мақсаты – мемлекетте шығармашылық атмосферасын нығайту, бұқаралық ақпарат құралдары арасында тиімді бәсекелестікті нығайту, қоғамда ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты нығайту.

ҚХА Журналистер клубы – медиа саласы өкілдерін, баспасөз қызметі қызметкерлерін, блогерлерді және тәуелсіз сарапшыларды біріктіретін сараптамалық-коммуникациялық алаң. Клуб қызметінің мақсаты – этносаралық тақырыптарды сапалы жариялау үшін медиа саласы өкілдерінің күш-жігерін біріктіру, олардың кәсіби құзыреттерін, азаматтық жауапкершіліктерін, құқықтық және медиа сауаттылығын дамыту.