ҚХА - 30

Елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған іс-шаралар ресми бастау алды

Достық үйінде  Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы ресми басталып, атаулы жыл мен Алғыс айту күніне орай бірнеше маңызды іс-шаралар өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен бүгін мерейтойлық жылдың ресми тұсауы кесілгенін айта келе, «Қазақстан халқы Ассамблеясына - 30 жыл» ескерткіш тақтасын салтанатты түрде ашу рәсімін Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаевқа ұсынды.

Ол Ассамблеяның түптамыры тарихымыздың өн бойында жатқанын, қазақ халқы қашанда үйіне келген қонағын құшақ жая қарсы алып, төрге оздыратынын тілге тиек етіп, аталған дәстүрдің бүкіл этностарды біріктіріп отырған Ассамблеяның негізінде бүгінге дейін көркем жалғасын тауып отырғанын айтты.

Бұдан соң іс-шараға қатысушылар «Бір шаңырақ астында: алғыс айту мәдениеті және ұлттық бірлік» атты дөңгелек үстелде бас қосты.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны орындалған соң, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып берді.

«Құрметті отандастар!

Баршаңызды Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл жарқын мереке азаматтарымыздың бір-біріне деген ризашылығы мен тілектестігінің, шынайы құрметінің символы саналады. 

Халқымыз ғасырлар бойы берекелі бірлігі мен туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігінің арқасында ең күрделі сынақтар мен қатерлерді еңсере білді. Осы іргелі құндылықтар жалпыұлттық бірегейлігіміздің ажырамас бөлігіне айналды.

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толады. Бұл құрылым қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келеді.

Қазір біздің алдымызда жүйелі әрі ауқымды реформаларды жүзеге асыру міндеті тұр. Осы орайда, әр азаматтың ел тағдырына жауапты екенін толық сезіне білуі маңызды. Біз жұдырықтай жұмыла білсек қана, үйлесімді және әділетті қоғам құру жолында жетістікке жетеміз.

Туған елдің игілігі үшін адал әрі тынымсыз еңбек етіп жүрген барша отандастарыма алғыс айтамын.

Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!», - деп жазылған Президент құттықтауында.

Бұдан соң дөңгелек үстелдің модераторы Есет Байкен дөңгелек үстел өткізудің мақсаты мен Алғыс айту күнінің ерекшелігіне тоқталды.

«Бұрын бұл күн этнос өкілдерінің елімізге алғыс айтатын күні болып аталып өтсе, кейінгі жылдары одан да кең мағынаға ие болды. Әрбір Қазақстан азаматының ризашылығы, адал еңбек еткен қызметкерлерге, ерлік көрсеткен азаматтарға, баланың ата-анаға, жастың қарияға деген риясыз сыйластығына ұласты. Бұндай сыйластықты сақтау үшін өткізілетін іс-шаралар қашанда үлкен мән-маңызға ие. Бүгінгі кездесуіміздің де орны ерекше», - деген ол Астана қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына байланысты іс-шаралар ұйымдастыру және өткізу бойынша ауқымды қалалық жоспар әзірленгенін айтты.

Дөңгелек үстел барысында «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Тілеген Садықов және тағы басқалар сөз сөйледі.

«Бүгін - қазақ халқы үшін, мемлекет үшін ерекше күн. Себебі үш үлкен мереке бір мезгілде тоғысып тұр. Ең бастысы, бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл толып отыр. 1995 жылы Қазақстан халқының бірегейлігі, тәуелсіздік идеясын іске асыру үшін бізге осындай қоғамдық ұйым қажет болып, Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған болатын. Бұл ұйымның мақсаты – елдің бірлігі мен бірегейлігі, этносаралық достығымыз. Біздің елімізде 126 этнос өкілі бар, солардың барлығы осы ұйымға жұмылдырылған. Осы ретте барлық этнос өкілдерінің қоғамдық-мәдени жұмыстарына мұрындық болып отырған Достық үйінің орны ерекше екенін айтқым келеді.

Сонымен қатар 1 наурыз - Алғыс айту күні. Алғыс айту күнінің күнтізбеде пайда болуына себепкер болған, ұсыныс жасаған да Қазақстан халқы Ассамблеясы болатын.  Сондай-ақ бүгін Рамазан айы басталды. Мен бүгін барлық қазақстандықтарды осынау мерекелі күндермен құттықтаймын», - деді Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық төрағасы Әміржан Әлпейісов.

Дөңгелек үстелдің қорытынды бөлімінде Астана қаласы әкімінің, Қазақстан халқы Ассамблеясының алғысхаттарымен марапаттау рәсімі өтті.

Іс-шараға қатысушы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, республикалық қоғамдық бірлестіктер, Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесі  және ғылыми-сараптамалық топтардың өкілдері «Қазақ еліне мың алғыс!» монументіне  гүл шоқтарын қойды.