Қазақ тілі – жүрек үні
Мемлекеттік тілді шын жүрекпен құрметтеп, оны өмірінің бір бөлшегіне айналдырған этнос өкілдері елімізде аз емес. Оның дәлелі «Мемлекеттік тіл - этносаралық қатынас тілі» арнайы ҚХА жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар.
Жетісу облысының тумасы, неміс этносының өкілі, қазақ-ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Елена Ленешмидт қазақ тілін тек меңгеріп қана қоймай, оның мазмұны мен мәнін терең түсінуге, ұлттық құндылықты қабылдауға ұмтылып келе жатқан жан.
Еленаның қазақ тіліне деген қызығушылығы мектеп қабырғасынан басталған. Бір күні қазақ тілі пәнінің мұғалімі оның жүрегіне ерекше ұшқын сыйлап, тілге терең бойлауға деген ынтасын оятқан.
«Әр сабақтан кейін қазақ тіліндегі сөздерді жиі айтып жүретін болдым. Құлаққа жағымды, біртүрлі әуезді естілетін. Әрбір сөз мені қазақ тілінің сұлулығына жетеледі», - дейді Елена өткен күндерін еске алып.
Мамандық таңдау – жүректің қалауы
Мектеп бітірген кезде болашақ кәсібін таңдауда Елена көп ойланған жоқ. Оның жүрек қалауы қазақ тіліне деген сүйіспеншілігімен тығыз байланысты болды. Сол себепті де ол «қазақ-ағылшын тілі» мамандығына түсіп, мемлекеттік тілді тереңірек меңгеруге бел буды.
Оқу орнында жүріп, «Алау» телерадиокомпаниясында мемлекеттік тілде диктор ретінде жұмыс істеп, тәжірибе жинақтады. Бұл қадам оның кәсіби дамуына ғана емес, тілге деген сенімін де бекіте түсті.
«Қазақ тілінде жаңалық жүргізу – үлкен жауапкершілік әрі құрмет. Бұл менің ана тілім болмаса да, жүрегіме жақын тіл», — дейді ол.
Қазақ тілі – өмірінің бір бөлшегі
Елена ұстаз — Жетісу облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының белді мүшесі. Сонымен қатар ізденімпаз педагог. Ол қазақ тілін тек оқып, жазып қоймай, күнделікті өмірде де еркін қолданып, қоғамдық шараларда белсенділік танытып жүр.
«Мемлекеттік тіл – бұл тек қарым-қатынас құралы емес, бұл – бірліктің, өзара түсіністіктің, сыйластықтың негізі. Қазақша сөйлеу – мен үшін үлкен мәртебе», — дейді Елена шынайы ықыласпен.
Этносаралық бірлікке қосқан үлес
Елена Ленешмидт – еліміздегі этнос өкілдерінің мемлекеттік тілге деген құрметі мен шынайы сүйіспеншілігінің жарқын үлгісі. Ол – Қазақстанның бейбітшілік пен татулықты ту еткен рухани келбетін айқындайтын тұлғалардың бірі. Оның ісі – жастарға, тіл үйренуге ынталы жандарға, барша азаматтарға өнеге.
«Тіл – тек сөз бен дыбыстың жиынтығы емес, ол – халықтың жүрегі, рухы. Қазақ тілін үйрену арқылы мен өзімді осы елдің нағыз азаматы ретінде сезінемін», - дейді ол.
Тіл – жүрекпен сезінгенде ғана тірі
Тілді жатсынбай, қайта оны қадірлей білудің өзі — үлкен парасаттың белгісі. Осындай азаматтардың арқасында еліміздегі бірлік пен татулықтың, өзара құрмет пен сенімнің іргесі нығая түсуде. Елена сияқты азаматтар – көпэтносты еліміздің рухани байлығы мен мәдениетаралық үндестігінің алтын көпірі.
Гүлнұр Бақытқызы