«Қазақ тілі ана тілім сияқты»: орыс қызы Юлия қазақ тілін басқаларға үйретіп жүр
Орыс қызы Юлия Лагуткина қазақ тілін жетік меңгерген. Ол қазақ тілін үйрену үшін ешқандай ынталандырудың қажеті жоқ, әр адамның жүрегінде мемлекеттік тілді білсем деген ниет болуы керек екенін айтады. Үш тілде сабақ беретін 26 жастағы полиглот Elordainfo.kz тілшісімен тіл үйренудегі тәжірибесін бөлісті.
Юлия Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданының Лавровка ауылында дүниеге келді. Петропавл қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебін «Алтын белгімен» бітірген соң, Астана қаласындағы Л.Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетіне халықаралық қатынастар мамандығы бойынша оқуға түседі. Магистратураны сол оқу орнында жалғастырады. Оқып жүріп ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың алдында мемлекеттік тілде сөз сөйлеу мәртебесіне ие болды. Астана қаласы «Оберег» атты украиндер бірлестігінің және «Ассамблея жастары» елорда өкілдігінің жетекшісі болып қоғамдық жұмыстарға белсене араласты.
Ол қазір анасымен бірге Көкшетау қаласында тұрады. Қазақ, ағылшын және орыс тілдерінен онлайн-курс өткізеді. Юлияның жүзін көрмесең, қазақ тілінде мүдірмей сөйлегеніне қарап қазақ қызы екен деп қаласың. Оның айтуынша, өскен ортасы орыстілді болса да, қазақ тілін үйренуге деген ұмтылысын оятқан мектептегі қазақ тілі пәнінің ұстазы болған екен.
«Шынымды айтсам, қазақ тілі ана тілім сияқты. Әрі басқалардың айтуынша, менде акцент жоқ. Мен күнделікті өмірде қазақ тілін қолданамын. Дүкеншілермен, такси жүргізушілерімен қазақ тілінде сөйлесемін. Әлеуметтік желідегі парақшаларымды екі тілде жүргіземін. Ойымды еркін жеткізе аламын. Кез келген қазақ тіліндегі ақпараттың мағынасын түсінемін. Әрі онлайн қазақ тілі сабақтарын жүргізіп, өзгелерге де тіл үйренуге көмектесіп жүрмін. Жақында «Қазтестті» тапсырдым. Мемлекеттік тілді игеру деңгейім С1 көрсеткішін көрсетті», - дейді Юлия Лагуткина.
Юлия қазақ тілінен басқа ағылшынша және түрікше біледі. Қытай тілін де студент кезінде үйрене бастаған, алайда кейін жүйелі түрде дамытпағандықтан, ұмыта бастаған. Оның ойынша, кез келген тілді үйрену үшін үйренушіде жүйелілік болу керек.
«Маған қазақ тілін үйрену үшін жастар да, ересектер де келеді. Мен оларға аптасына үш рет сабаққа қатысып, үйге берілген тапсырманы жүйелі орындасаңыздар, бір айдан соң еңбектің нәтижесі көріне бастайтынын айтамын. Ал қоғамдық орындарда қазақ тілінде қарым-қатынас жасау үшін 3-4 айдың өзі жеткілікті. Өйткені қазақ тілін үйрену оңай», - деді ол.
Оның айтуынша, тіл үйренуде тілдік ортаны қалыптастыру да айтарлықтай үлес қосады. Ол үшін күнделікті қолданатын ұялы телефонның тілін қазақшаға ауыстырып қою керек, әлеуметтік желілерде, жүрген жеріңде қазақша сұрақ қойып, жауап беруге дағдылану қажет және кітап оқып, қазақ тіліндегі контентті көру керек.
«Мен қазақ тілін еркін меңгерсем де, сөздік қорымды әрі қарай дамытып, байытып тұрамын. Қазақша кітаптар оқимын. Бұл - тіл үйренуге керемет көмектесетін құрал. Қазір Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдарын» оқып жатырмын. Оның алдында «Мәңгілік махаббат жыры» деген керемет шығармасын оқып шықтым. Ерекше сезімде болдым. Жастарға осы кітаптарды оқуға кеңес беремін. Мұхтар Шаханов, Мұқағали Мақатаев, хәкім Абай атамыздың кітаптарын да оқыдым. Абай Құнанбайұлының өлеңдерін мектеп жылдары жатқа білетінмін. Бірақ қазіргі адамдардың уақыты аз ғой. Біреуі студент, біреуі жұмыстан қолы босамайды. Мұндайда қазақ тіліндегі аудиокітаптар мен подкасттарды тыңдауға шақырар едім», - деген кеңес берді Юлия.
Тілге жүйрік қыз өз тәжірибесінен тағы бір әдіс бөлісті.
«Екі-үш тілді білетін адам басқа тілдерді тез үйренеді. Өйткені арнайы дағды пайда болады. Тіл үйренудің логикасын түсінген адамға жеңілірек. Әрі бір ескеретін жайт, грамматикасы, лексикасы ұқсас тілдерді үйрену оңай. Өйткені тілдер жанұясы деген болады ғой. Түркі тілдерінің біреуін білетін адам басқаларын тезірек үйренеді, славян тілін білетін адамға соған ұқсас тілдерді, сол сияқты еуропа тілдерінен ағылшын тілін білсеңіз, әрі қарай неміс, француз тілдерін үйренуде қиындық болмайды», - дейді ол.
Дегенмен Юлия бұлар тілді үйрену құралдары ғана екенін айтады. Оның пайымдауынша, мемлекеттік тілді үйренуге деген талпыныс адамның жүрегінен бастау алу қажет.
«Әрбір адамның жүрегінде ерекше ұстаным болуы керек. «Мен – Қазақстанның азаматымын, мен мемлекеттік тілді білуім керек. Себебі осы жерде туып-өстім. Осында білім алдым, жұмыс істеймін. Бәлкім, отбасымды да құрамын. Сондықтан қасиетті жерді құрметтеп, қазақ тілін меңгеруім керек қой» деген тәрізді ішкі бұлқыныс болуы керек. Өйткені ниет болса ғана, қандайда бір жетістікке жетуге болатыны белгілі. Соңғы кезде қазақ тілін білу трендке айнала бастағаны қуантады. Мысалы, мен Қазақстан халқы Ассамблеясында жеті жылдай қоғамдық қызмет атқарғанымда ұйымның өкілдерінің бәрі қазақша сөйлейтін. Менің достарымның көбі – қазақтар. Болашақ жарымның да ұлты – қазақ. Ауылда өскен соң, бала кезімізден бауырсақ, ет жеп өстік. Өзім ұлттық тағамдардан жент, балқаймақ пен құртты өте жақсы көремін, сүйсініп жеймін. Шетелге шықсам, ұлттық тағамдарды аңсап тұрамын. Болашақта қазақ отбасына келін болып түссем, әлбетте, ұлттық салт-дәстүрлерді де ұстанатыным анық», - деген Юлияның сөзінен қазақ тіліне деген құрметін байқадық.