«Қазақстан – қасиетті қара шаңырағымыз»: Қайрат Балабиев
Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай XXXIV сессиясы өтті. Осыған қатысты Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Біріккен ұлттардың ұйымының елімізде болуы заңдылық болса, бірлігіміз - құндылық екені даусыз. Бір емес бірнеше ұлт пен ұлыстың қасиетті қара шаңырағы – Қазақстан. Президент бұл турасында: «Қазақстан – тағдырдың жазуымен шетте туып, шетте өскен барша қазақтың тарихи Отаны. Шетелдегі қазақтардың басым көпшілігі ана тілі мен ата дәстүрін берік ұстанып келеді. Ел бірлігі – ең алдымен күллі қазақтың бірлігі. Екіншіден, ел бірлігі – қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этностың бірлігі. Біз бұл туралы үнемі айтамыз»,- деп атап өтті. Кезінде Қазақстанға миллиондаған адам жер аударылды. Халқымыз олардың ешқайсысын жат көрмей, бауырына басты. Сол буыннан тараған миллиондаған адам – қазір Қазақстанның толыққанды адал азаматтары. Олар мемлекетімізді дамытуға зор үлес қосып, ел игілігіне қызмет етіп жүр»,- деп атап өтті», - деді депутат.
Ол елімізде Достық үйлерінің көбеюі қуанышты жаңалық екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Түркістанда ашылған «Достық» үйін үлгі ретінде мысалға келтіріп, Алматы облысы мен өзге де қалалар мен аудан орталықтарында салуды тапсырды. Сондай-ақ, түрлі этнос өкілдері қоныстанған Қордай, Ұйғыр, Сайрам, Панфилов және басқа да аудандарда Ассамблея ашуды ұсынды.
«Барлық аймақтағы Достық үйлерін туристік бағыттар картасына енгізіп, құзырлы орган басшылары мен әкімдер Ассамблеяның этномедиация саласындағы жұмысына жан-жақты қолдау көрсетуге шақырды. «Елдесу және татуласу» жобасын алдағы екі жылда бүкіл елге таратып, Үкімет пен әкімдер Ассамблеяның басқа да жобаларын қоғамдық-саяси жұмыс жоспарларына қосып, нақты шаралар қабылдау керектігін айтты», - деді халық қалаулысы.
«Қасым-Жомарт Тоқаев ақпараттық кеңістікте бірлік пен келісім идеяларын кеңінен дәріптеу маңыздылығына тоқталды»,- деді Қайрат Балабиев.
Оның сөзінше, ақпараттық кеңістікте бірлік пен келісім идеясын көтеру маңызды.
«Жиында Президент «...ақпараттық кеңістікте бірлік мен келісім идеяларын кеңінен дәріптеу маңызды. Бұл – Ассамблеяның барлық құрылымына, әсіресе, журналистер клубына қатысты кезек күттірмейтін міндет. Салалық министрлік, өңір әкімдері ҚХА журналистер клубының құрамына жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін қосып, клуб жұмысының бірыңғай алгоритмін жасауы керек» деп айтты. Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатын жүзеге асыру үшін мәдениет пен өнердің әлеуетін толық пайдалану үшін Александр Пушкин, Тарас Шевченко, Федор Достоевский, Михаил Шолохов және басқа да тұлғалардың музейлерін көпшілікке таныту үшін экспозицияларын Астана мен Алматыда ұйымдастырудың маңыздылығына тоқталды», - деді Қайрат Балабиев.