ҚХА - 30

Қазақ елі деген қара шаңырақтың астында өмір сүріп жатқанымызға шүкірлік етеміз – Акбаржон Исмаилов

 Бүгінде көк туымыздың астында өзге этностармен бірге алпыс мыңнан астам тәжіктер де тату өмір сүріп жатыр. Олар еліміздегі әр деңгейдегі республикалық этномәдени бірлестіктерге  жұмылдырылған. Ал бірлестіктердің тоғысатын ортақ орны – Қазақстандағы тәжіктердің республикалық этномәдени орталығы. Elordainfo.kz тілшісі Қазақстандағы тәжік этносының жай-күйі туралы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Қазақстандағы тәжіктердің республикалық этномәдени орталығының төрағасы Акбаржон Исмаиловтан сұрап білді.

- Акбаржон Яхияқажыұлы, Қазақстандағы тәжіктердің республикалық этномәдени орталығының жай-күйі қалай?

- Жалпы, орталықтың негізгі мақсаты – Қазақстандағы тәжік этносының өз тілі мен ділі, салт-дәстүрі мен мәдениетін сақтап қана қоймай, сонымен қатар қазақ халқының да тілі және рухани құндылықтарын құрмет тұтуға ықпал ету. Бұл тұрғыда, орталықтың жұмысы жемісті деп айтуға болады. Өйткені осы қасиетті жерде өмір сүріп, ауасын жұтып, суын ішкен соң бауырлас этнос қазақ елінің салт-дәстүрімен өмір сүреді, жүз пайыз дерлік қазақ тілін меңгерген.

Ал ұйымның жарғылық міндетін орындау мақсатында орталық тіл, мәдениет, әдет-ғұрыпты дамыту және халық арасындағы достықты нығайту үшін үнемі мәдени-ағартушылық сипаттағы іс-шараларды ұйымдастырып отырады.

Солардың ішіндегі ең ірілеріне тоқтала кетсем, 2022 жылдың тамызында Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, Жаңажол ауылдық округіне қарасты 350-ден астам тәжік ағайындар тұратын Фердауси ауылының тұрғындары «Қазақ еліне мың алғыс!» атты іс-шара ұйымдастырды. Онда 500 адамға арналып дастархан жайылып, ас беріліп, құран бағышталды. Қазақ еліне ризашылық акциясы 2020 жылы Өзбекстандағы Сардаба су қоймасының апатқа ұшырауы салдарынан болған оқиғаға байланысты қолға алынған еді. Сол апат кезінде Фердауси ауылын су шайып, тұрғындар әп-сәтте үй-күйсіз далада қалған болатын.  Аталған ауылдағы ағайын қиын жағдайда қалған кезде Мемлекет басшысынан бастап барша азаматтар қолдау білдірген болатын. Міне, қиын шақта қол ұшын созған отандастарына фердаусилықтар осылай ризашылықтарын білдірген еді. Одан кейін де бірнеше рет ұйымдастырылған бұл іс-шараны Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында биыл да қолға алмақпыз.

Жалпы, бірлестік мүшелері үлкен мерекелік іс-шараларда бас қосып отырады. Мәселен, көктем шыға Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мерекесі келеді. Мұнда біз әр жыл сайын киізүй тігеміз. Ішіне қазақ пен тәжіктің ұлттық киімдері мен бұйымдарын қоямыз. Бұл – ортақ үйіміз болып отырған қара шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жатқанымызға шүкірлік етуіміздің бір сипаты. 

Фото: Акбаржон Исмаиловтың жеке архивінен

- Акбаржон Яхияқажыұлы, Ассамблеяның елді ұйыстырудағы алдағы көтерер жүгі туралы не айтасыз...

- Мен кішкентайымнан бұл институттың мән-маңызын біліп өстім. Өйткені әкем Яхияқажы Исмаилов 1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғаннан бері Ассамблея мүшесі. Өзім де Қазақстандағы тәжіктердің республикалық этномәдени орталығының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары ретінде мемлекеттік саясатын, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті, сондай-ақ белсенді қоғамдық және қайырымдылық істерді жүзеге асыруға атсалысып келемін.

Міне, биыл тұрақтылық пен бейбітшіліктің жаршысына айналған ұйымның құрылғанына 30 жыл толып отыр. Аталған мерейлі белесті мерекелеу аясында осы ұйымның қанатының астындағы әр деңгейдегі этномәдени орталықтар әрі қарай да қомақты үлесіне қоса бермек. 

- Сұхбатыңызға рахмет!