Акбаржон Исмаилов: Ұлттық бірлік пен қоғамдық келісім – тәуелсіз Қазақстанның іргетасы
Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңес мүшесі, республикалық тәжік этномәдени орталығының төрағасы Акбаржон Исмаилов Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында айтылған келелі мәселелерге қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясына қатыстым. Президент жиналғандарды Ассамблеяның 30 жылдығымен құттықтап, оның елдегі бірлік пен тұрақтылықты сақтаудағы рөлін атап өтті.
Мемлекет басшысы қазіргі геосаяси жағдай мен қоғамдағы өзгерістерге байланысты Ассамблея қызметін жаңғырту қажеттігін айтты. Ассамблея этностарды біріктіріп қана қоймай, азаматтық қоғамды нығайтуға, әділетті Қазақстан құруға үлес қосуы тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ Ассамблеяның аймақтардағы жұмысы күшейтілуі қажет екенін жеткізді.
Президент қоғамда алауыздық тудыруға тырысатын әрекеттерге жол берілмейтінін баса айтты. Шетелден қаржыландырылатын арандатушылар заң аясында қатаң жазаланатынын атап өтті», - деді Акбаржон Исмаилов.