Тоқаев шағын және орта кәсіпті қолдау үшін шаралар қабылданатынын мәлімдеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында шағын және орта кәсіпті қолдау тетіктері туралы айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Соңғы кезде маған жаңа Салық кодексіне қатысты көптеген өтініш келіп түсті. Мен Премьер-министрге нақты тапсырмамды бердім. Үкімет арнайы салық режимі бойынша жұмыс істейтін кәсіптердің тізімін бұрынғы қалпында қалдырды. Алдағы уақытта шағын және орта кәсіпті қолдау үшін басқа да шаралар қолданылады.
Бизнес салық реформасынан зардап шекпеуге тиіс. Ондай жағдайдың алдын алу үшін Үкімет кәсіпкерлермен сындарлы диалог жүргізуі қажет. Дегенмен экономикалық реформаларды мүлде тоқтатуға болмайды, қаншалықты қиын болса да, оң өзгерістерді міндетті түрде жүзеге асыруымыз керек. Әйтпесе, бәріміз жаппай құлдырауға ұшырауымыз әбден мүмкін.
Мемлекет, бизнес және жалпы қоғам күш біріктіргенде ғана Әділетті Қазақстанды құра аламыз. Еліміз еңсесін тіктеді, аяғына нық тұрды. Экономикада оң қарқын байқалады. Халықаралық қаржы институттары тарапынан жоғары несие рейтингін иеленуде. Экономика дамуының негізгі көрсеткіші – халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасының артуы. Бұл – менің берік ұстанымым», - деді ол.
Президент мемлекет түйткілдерді біртіндеп шешіп келе жатқанына назар аударды.
«Ең маңыздысы – нәтиже, өзімізді жарнамалау емес. Кез келген азамат білімі мен еңбекқорлығының арқасында қабілет-қарымын көрсетіп, іскерлік, шығармашылық немесе мемлекеттік қызметтегі мансабында табысқа жететін орта, қазір жиі айтылатын экожүйе қалыптастыруға күш салып жатырмыз.
Қазақстан талантты, мақсатшыл жандар тұрақтап қалғысы келетін ел қатарына қосылып келеді. Біздің ең басты байлығымыз – білімді, белсенді адамдар. Мен мұны үнемі айтамын әрі қайталаудан жалықпаймын.
Әрбір азамат өзінің табысы мен еңбекқорлығы арқылы еліміздің гүлденуіне елеулі үлес қосады. Біз тәртіпке бағынатын отандастарымызды шынайы патриот ретінде дәріптеп, мақтан тұтуымыз керек. Өйткені олар ұлтты ұйыстырады, халқымызды кәсіби және рухани тұрғыдан биіктерді бағындыруға жігерлендіреді», - деді Президент.