Президент: Әділетті елдің соты – әділ, ниеті түзу болуға тиіс
Мемлекет шалыс қадам басқан азаматтан теріс айналмайды, тек оның тура, дұрыс жолға түсуіне жәрдем береді. Өйткені әділетті елдің соты – әділ, ниеті түзу болуға тиіс. Бұл туралы Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
«Бірақ рақымшылық жасау дегеніміз, бұл – барлық мәселенің шешімі емес, бір реттік қана шара екенін түсінген жөн.
Сондықтан осы бағытта нақты нәтиже болу үшін қылмыстық атқару жүйесін барынша жетілдіру қажет. Негізгі мақсат – сотталған адамды қоғамнан алшақтату емес. Тиісті тәрбие жұмысын жүргізу өте маңызды. Олардың бойына заң мен тәртіп құндылығын сіңіретін және қалыпты өмірге оралуына ықпал ететін озық тәсілдерді енгізу керек.
Мәселен, кейбір елде жазасын өтеушілер «қамау мерзімін қысқартуға» мүмкіндік беретін шараларды қолдана алады. Абақтыда ескерту алмаған, жаңа білім игерген, спорттық-мәдени шараларға қатысқан адамдарға осындай жеңілдік беріледі. Үкімет Бас прокуратурамен бірлесіп, осы мәселені мұқият пысықтауы қажет. Шетелдің озық тәжірибесін зерттеген жөн. Бұл жұмысқа отандық сарапшыларды да тарту қажет.
Жазасын өтеп жүргендерді қалыпты өмірге дайындаудың тағы бір тиімді жолы – еңбекпен, яғни, жұмыспен қамту. Бұл бағытта біраз түйткілдер бар, нақты шаралар қолдану керек. Осы орайда біздің кәсіпкерлеріміз жазасын өтеу мекемелерінің жанынан түрлі кәсіпорын ашу мүмкіндігін қарастыруы керек деп ойлаймын. Мұндай серіктестік шетелде кең тараған. Бұл шараның екі жаққа да тигізер пайдасы мол. Жазасын өтеп жүргендердің тапқан табысы бостандыққа шыққан соң олардың қалыпты өмірге оралуына көмектеседі. Ал өндірісте меңгерген дағдысы жақсы жұмыс табуына жол ашады.
Жалпы, бизнес өкілдері қылмыстық-атқару жүйесімен жан-жақты ықпалдастық орнату жолдарын мұқият саралағаны жөн. Мысалы, еліміздегі компанияның бірі өз қаржысын жұмсап, Алматыда кәмелет жасына толмаған құқық бұзушыларға арналған заманауи тәрбиелеу мекемесін салып жатыр. Үкімет мұндай тәсілді белсенді түрде қолдануы керек, басқа компанияларды осындай серіктестікке тарту қажет», - деді ол.
Сонымен қатар, Президент аймақ әкімдері пробация қызметінде жұмыс істейтін адамдардың әлеуметтік жағдайын біртіндеп жақсарту жолдарын қарастыруы керек екенін айтты.
«Біз қазір қылмыстық жаза саясатын мейлінше ізгілендіруге, жетілдіруге баса мән береміз, яғни бас бостандығынан айырудан бөлек жаза түрлеріне басымдық беріледі. Бұл пробация қызметіне анағұрлым көп салмақ түседі деген сөз. Сондықтан аймақ әкімдері осы салада жұмыс істейтін адамдардың әлеуметтік жағдайын біртіндеп жақсарту жолдарын қарастыруы керек. Сондай-ақ пробациялық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайтуды қолға алу қажет. Пробациялық бақылауды тиімді жүргізуге септігін тигізетін цифрлық шешімдерді белсенді түрде енгізген жөн.
Жалпы, біз кез келген мәселенің салдарымен емес, себебімен күресуіміз керек. Қылмыстық-атқару жүйесінің басты мақсаты тек жазалау деген түсініктен арылу қажет. Қателік жасап, қамауға түскен адамды жаншып, басып тастауға тырысу – дұрыс емес, біз ондай адамның тура жолға түсіп, түзеліп кетуіне қол ұшын беруіміз керек. Бәріміз бір ел болып өркениетті, озық және әділетті қоғам құрып жатырмыз. Заң да, сот та – әділ болуға міндетті. Бұл – мызғымас қағида», - деді Президент.