Президент: «Қазақстан Республикасы күшті президенттік билікке арқа сүйеген мемлекет болып қалуға тиіс»
Бұл туралы Мемлекет басшысы Республика күніне арналған салтанатты жиында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
«Біз ауқымды жаңғыру кезеңіне қадам бастық. Мақсатымыз – баршаға тең мүмкіндік ұсынатын, өркендеу жолындағы Әділетті Қазақстанның іргесін қалау.
Таяуда халыққа арнаған Жолдауымда Парламентті реформалау туралы мәлімдедім. Бұл бастаманы алдын ала жариялауымның өзі еліміздегі саяси үдерістердің ашық жүріп жатқанын көрсетеді. Биліктің заң шығарушы тармағын өзгерту соңғы жылдары жүзеге асырылған жан-жақты жаңғырудың қисынды жалғасы болмақ.
Барлық ұсынысымыз Қазақстанның эволюциялық дамуына қатысты азаматтарымыздың мүддесі мен сұранысына негізделген. Ал еліміз алға жылжып, дамуы керек. Бұған еш күмән жоқ, болуы да мүмкін емес. Жоспарланған өзгерістер Парламенттің құзыреті мен беделін күшейтеді.
Конституцияға енгізілетін өзгертулер Парламентке ғана қатысты емес, сондай-ақ Президент, Үкімет туралы бөлімдерді және саяси жүйенің басқа да қырларын қамтиды. Түзетулердің жалпы көлемін және 2022 жылғы конституциялық реформа аясында жүзеге асқан бастамаларды ескерсек, мұны жаңа Конституция қабылдауға барабар іс деуге болады.
Әйтсе де Қазақстан Республикасы күшті президенттік билікке арқа сүйеген мемлекет болып қалуға тиіс екенін атап өткім келеді. Бұл қазіргідей алмағайып заманда еліміздің сенімді келешегіне кепіл болады. Өйткені парламенттік жүйе қауіпсіздік пен тәртіп, тұрақтылық пен даму тұрғысынан өз міндетін толық атқара алмай отыр. Кейбір сарапшылар мен саясаткерсымақтардың ұшқары тұжырымдарына көзсіз еріп, мемлекеттілігімізге қатер төндіруге еш хақымыз жоқ», - деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы елімізде соңғы жылдары тікелей сайлау институты айтарлықтай кеңейгенін айтты.
«Саяси бағдарымыз бен қабылдаған нақты шешімдеріміз ұлтымыздың ұзақ мерзімді мүддесі мен мемлекеттің қауіпсіздігін қорғау, елді дамыту қағидаттарын көздейді. Мұны берік ұстанамыз.
Жолдауда бір палаталы Парламентті пропорционалды сайлау жүйесі арқылы жасақтау қажет екенін ашық айттым. Бір палаталы Парламентті тек партиялық тізім бойынша қалыптастыру партиялардың институционалдық негізін нығайтуға септігін тигізеді. Сайлаушылармен жүйелі жұмыс істеуіне ықпал етеді. Яғни мемлекеттілігімізге пайда әкеледі. Бұл ешқандай кері кету немесе демократиялық қағидаттардан бас тарту емес. Ел қамын ойлап, саяси тұрғыдан салмақтап осындай ұйғарымға келдім.
Аймақтық деңгейде азаматтар билікпен тікелей әрі тұрақты қарым-қатынас жасайды. Сондықтан жергілікті мәслихаттар мен әкімдіктер белсенді жұмыс істеп, елдің мұң-мұқтажын шешуде маңызды рөл атқаратынын көрсетуге тиіс.
Соңғы жылдары тікелей сайлау институтын айтарлықтай кеңейттік. Әуелі ауыл әкімдерін сайлауды енгіздік, кейін ол аудан, содан соң облыстық маңызы бар қала басшыларын сайлауға ұласты. Сол себепті Қазақстанда ай сайын түрлі электоралды науқан жүріп жатады. Бұл біздің өңірдегі бірегей саяси тәжірибе саналады.
Баршамыз осынау істің мақсатқа сай орындалуын бақылап, егер оның жағымсыз салдары болса, шара қабылдау қажет. Реформалар – табиғи үдеріс, мұнда артық консерватизмге орын жоқ.
Жергілікті мәслихаттарды сайлауда мажоритарлық жүйені сақтау керек деп санаймын», - деді ол.
Президент мемлекеттік маңызы бар кез келген мәселе бойынша шешуші сөзді азаматтарымыз айтуға тиіс екенін де қаперге берді.
«Конституциялық реформа жасалған кезде, сондай-ақ атом станциясын салу мәселесін талқылаған уақытта дәл солай болған. Қазір де солай болмақ. Бұл елімізде жаңа саяси мәдениеттің пайда болғанын көрсетеді, яғни бұл – қоғам көкейінде жүрген аса өзекті мәселелерді шешудің жаңа дәстүрі қалыптасып жатыр деген сөз.
Азаматтар өз Отанының келешегіне шынайы алаңдап, оның даму жолында аянбай тер төксе, ұлт шын мәнінде егемен елге айналады. Өзге мемлекеттер де оны солай қабылдайды. Тіпті ол бір қарағанда ұсақ іспен айналысқандай көрінгенімен, шын мәнінде өте маңызды жұмыс атқарса, мысалы, көгалдандырумен, өзі тұратын аумақты тазалаумен шұғылданса, қал-қадерінше қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағаласа, вандализм мен дөрекі қылықтарға қарсы тұрса елге пайдасын тигізеді.
Өзіне, отбасына, туған еліне жаны ашитын отандастарымыздың үлкенді-кішілі жетістіктеріне күн сайын куә болып жүрміз. Олар шынайы патриоттығының арқасында осындай дәрежеге жетіп отыр. Баршаңызға мәлім, жыл сайын азаматтарымыз түрлі салада топ жарады. Бұл халқымыздың жасампаз болмысын паш етеді. Жастарды осындай ізгі амалдар жасауға ынталандырады, ұлттық рухымызды жани түседі», - деді Мемлекет басшысы.