Президент

Мемлекет басшысы Руанда Президентінің арнайы өкілін қабылдады

Мемлекет басшысы Руанда Президентінің арнайы өкілі Жан Поль Ньирубутаманы қабылдады, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы өкілге ілтипат білдіре отырып, Руанда Президенті Поль Кагамеге сәлемін жолдады. Мемлекет басшысы Руанда тарапының Қазақстанмен көпжоспарлы серіктестікті нығайтуға ықылас танытып отырғанына ризашылық білдірді.

Президент Африка елдерімен ықпалдастықтың қарқынында оң динамика бар екен атап өтіп, Руандамен арадағы екіжақты және көпжақты қарым-қатынастың көкжиегін одан әрі кеңейтудің маңыздылығына назар аударды.

Осы орайда Мемлекет басшысы жуырда қол қойылған Қазақстан мен Руанда арасындағы дипломатиялық және қызметтік паспорт иелерін виза талаптарынан босату туралы келісімді жоғары бағалады.

Өз кезегінде Жан Поль Ньирубутама қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, бүгінде Қазақстанның саяси және экономикалық тұрғыдан қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Әңгімелесу барысында сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың перспективті бағыттары талқыланды.