Қазақстан да түркітану ғылымын дамытуға айрықша көңіл бөліп отыр - Президент
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтай – түркілердің ата қонысы. Түркі өркениетінің қалыптасу тарихы» атты ІІ халықаралық ғылыми-практикалық конференция қатысушыларына арнаған құттықтау сөзінде айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Еліміздің бастамасымен 2010 жылы Астанада Халықаралық түркі академиясы ашылды. Бұл мекеме түркі тілдес және басқа да елдердегі белгілі сарапшылардың ғылыми әлеуетін ортақ мақсатқа жұмылдыратын бірегей орталыққа айналды.
Біз Алтай аймағындағы мемлекеттермен ғылым-білім саласындағы байланысымызды кеңейтуге баса мән береміз. Қазақстанның беделді жоғары оқу орындарында арнайы кафедралар мен институттар табысты жұмыс істеп тұр. Белгілі ғалымдардың халықаралық ұжымы көп ұзамай жарыққа шығатын Қазақстанның академиялық тарихының екінші томына өз үлесін қосып жатыр. Бұл еңбекке түркология саласындағы ең соңғы жаңалықтар да енгізілетін болады.
Бәріміз күш біріктіріп, түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін дәріптеу жолында көп жұмыс тындырдық. Дегенмен атқаратын шаруа әлі де көп. Біз түркі дүниесі туралы білімімізді кейінгі ұрпаққа мирас ету үшін оны жүйелей түсуіміз керек.
Басқосу аясында мазмұнды пікірталас өтіп, тың идеялар айтылады деп сенемін. Сондай-ақ түркі өркениетінің өрісін кеңейтуге қатысты аса маңызды мәселелерді бірлесе зерттейтін ғылыми жұмыстардың бағыт-бағдары айқындала түседі деп ойлаймын.
Конференция жұмысы табысты болсын!
Баршаңызға бақ-береке тілеймін! - деді Президент.