Оқиға

Жетісу облысында екі полицей қызмет бабында қаза тапты

Жетісу облысында екі полицей қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапты. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Қызметтік міндетін атқару барысында жол-көлік оқиғасынан қаза тапқан Жетісу облыстық полиция департаментінің қызметкерлері – полиция майоры Арнұр Алханов пен полицияның аға лейтенанты Шыңғыс Асылбековтің отбасылары мен жақындарына көңіл айтамын», – деді министр.

Сәденов қаза тапқан полицейлердің есімі әріптестерінің жадында мәңгі сақталатынын атап өтті.

«Ішкі істер министрлігі марқұмдардың отбасына қажетті көмек көрсетеді», – деп қосты ол.