Жетісу облыстық Полиция департаментінің бастығы қызметінен кетті
Талдықорғанда болған соңғы резонанстық оқиғаға байланысты Ішкі істер министрі Ержан Саденов ІІМ орталық аппараты қызмет басшыларынан құралған арнайы топпен Жетісу облысына барды, деп хабарлады Elorda.info
Ведомство басшысы өзінің сапары аясында өңір полициясының жеке құрамымен және ІІО ардагерлерімен кездесу өткізді. Отырысқа облыс әкімі Бейбіт Исабаев та қатысты.
Polisia.kz сайтының жазуынша кездесу барысында Ішкі істер министрі Жетісу облысы ПД бастығын қызметінен босатқан.
Ел азаматтарының конституциялық құқықтарын қорғайтын полиция қызметкері үшін заң мен тәртіп бірінші орында болуы керек. Құқыққа қайшы келген азаматтар мен полицейлердің заңсыз әрекетіне тосқауыл қойылуы тиіс. Заң бәріне ортақ, - деп атап өтті министр.
Айта кетейік, бұған дейін Талдықорған қалалық Полиция басқармасының бастығы Марат Күштібаев зорлау фактісі бойынша қамауға алынған болатын. Ол Талдықорған қаласының 27 жастағы тұрғынын қызметтік кабинетінде зорлаған деген күдікке ілінді.