Жеті жыл бойы алимент төлемеген бес баланың анасы қарызын үйімен өтеді
Жамбыл облысында 5 баланың анасы 7 жыл бойы алимент төлемеген, деп хабарлады Elordainfo.kz тілшісі облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
Прокуратура әлеуметтік маңызды санатқа жататын атқарушылық құжаттар бойынша алиментті өндіру шараларын белсенді түрде жүргізуде.
«2025 жылдың 24 қаңтарында Шу ауданы прокуратурасының бастамасымен полиция бөлімі бес баланың анасы алимент төлеу жөніндегі міндеттемелерін орындамау фактісі бойынша ҚР ҚК 139-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған. Оның мойнында 2018 жылдан бастап 1,4 млн теңгеге берешек жинақталған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында оның алимент төлеуге мүмкіндігі болғандығы, алайда төлеу үшін қажетті шаралар қолданбағаны анықталды«», - делінген Жамбыл облысы прокуратурасының ақпаратында.
Сондай-ақ, борышкердің меншігінде үйі және жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер телімі бар екені анықталды.
Осы жылдың 25 ақпанында тараптардың өзара келісімі бойынша аталған үй алимент берешегін өтеу есебіне берілді. Қол жеткізілген медиативтік келісімге сәйкес борышкер алиментті тұрақты түрде төлеуге міндеттенді.
Белгілі болғандай, 11 наурыз күні тараптардың татуласуына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылды, бұл ақталатын негіз болып саналады.
Қабылданған шаралар профилактикалық әсер етті және алимент бойынша берешектің толық өтелуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.