Желіде дәулетті адамның имиджін қалыптастыру үшін алаяқтыққа барған астаналық сотталып кетті
Әлеуметтік желіде өзін дәулетті кәсіпкер ретінде көрсету үшін алаяқтыққа барған Астана тұрғыны сотта жауапқа тартылды, деп хабарлады Elordainfo.kz қалалық прокуратураға сілтеме жасап.
Прокуратура мәліметінше, Астана тұрғыны 5 ай бойы достарымен бес жұлдызды қонақүй бөлмелерінде тұрып, қымбат мейрамханаларда кешкі ас ішіп, дәмді тағамдарға тапсырыс беріп, элиталық ерлер киім дүкендерінен киім-кешек сатып алып, банк атынан расталмаған төлем тапсырмаларын берген.
Жәбірленушілер өз кезегінде төлем құжаттарының түпнұсқасын тексермей, оған тауарлар мен қызметтерді көрсеткен.
Сотталушы төлем құжаттарын банктік қосымша арқылы жіберген, бірақ іс жүзінде шотта қаражат болмаған.
Оның қылмыстық әрекеттерінің салдарынан жәбірленушіге 4,4 млн теңге көлемінде ірі мөлшерде материалдық шығын келтірілген.
Ақшаның түспегенін білген жәбірленушілер құқық қорғау органдарына хабарласқан.
Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, алаяқтыққа әлеуметтік желілерде танымал болу үшін барғанын, ол жерде өзін табысты кәсіпкер ретінде көрсетіп, суретін жариялағанын көрсетті.
Келтірілген шығынның жалпы сомасы 8 млн теңгеден асады.
Сотталушы 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Келтірілген материалдық шығын өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қала прокуратурасы ұсынылған төлемді растайтын құжаттардың дұрыстығын уақтылы тексеру керек екенін ескертеді.