Жанармай өнімдерін жасырын тасымалдау үшін Қазақстан мен Өзбекстан арасында жерасты тоннель қазған
Түркістан облысында жанармай өнімдерін жасырын тоннель арқылы шекарадан өткізумен айналысқан халықаралық қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді, деп хабарлады Elordainfo.kz Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомстводағылардың мәліметінше, қылмыстық топтың әрекеті Түркістан облысы прокуратурасының үйлестіруімен Қаржылық мониторинг агенттігінің және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаменттері бірлесіп, Өзбекстан құқық қорғау органдарының қолдауымен ашылған.
Тергеу барысында анықталғандай Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекараға жақын аумақта топ мүшелері 450 метрлік жерасты тоннелін қазған.
«Қылмыстық схема 2 ай бойы жұмыс істеген. Осы уақыт ішінде шетелден қаржыландырылып отырған жанар-жағармай материалдарын тасымалдауға арналған логистикалық бағыттар мен жасырын шығару арнасы құрылған», - делінген хабарламада.
Операция барысында Өзбекстан тарабы да өз аумағында дәл осындай шаралар жүргізген.
Нәтижесінде қылмыстық әрекетке қатысы бар барлық тұлға анықталды. Қазақстан Республикасының 5 азаматы күдікті ретінде танылды.
Қазіргі уақытта тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды.