Оқиға

Астанада Жанабыловтардың ісі қаралып жатыр: әкімшілік істен қылмыстыққа ауыстырылуы мүмкін

15 қыркүйекте Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында блогерлер Ерболат пен Эльмира Жанабыловтарға қатысты ӘҚБтК 445-1-бабының 6-бөлігі бойынша іс қаралды. Сотта белгілі болғандай, олардың ісі әкімшілік істен қылмыстық іске бір-ақ ауыстырылуы мүмкін, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Істің мән-жайын еске салсақ, Құмар ойын бизнесі мен лотереяны реттеу комитетіне ерлі-зайыпты блогерлердің үстінен азаматтардан шағымдар келіп түскен. Бұған қоса Қаржы мониторингі агенттігі Instagram әлеуметтік желісі арқылы заңсыз лотерея ұйымдастыру фактісі бойынша хат жіберген.  

«Блогерлер қызметінің ашықтығына күмән туғызып, бұл жерде алаяқтық белгілерінің барын ашық айтқымыз келеді. Лотерея өткізудің өзі заңсыздық болса, онымен қоймай, жеңімпазды анықтауда да ашықтық болмаған. Ешбір жерде бағдарламаның алгоритмі жазылмаған. Жеңімпаз қалай анықталады, 5 мың теңге көлеміндегі жұбаныш сыйлығын көрермен қалай алады, iPhone-ды жеңіп алған адам қалай анықталады – мұның бәрі белгісіз», - деп жауап берген сотта ҚР Туризм және спорт министрлігі ойын бизнесі істері комитетінің өкілі Асылбек Мұстафаев.

Олар күн сайын бағалы сыйлықтар мен 10 шақты көлікті ойнатқан. Ал ұтысқа қатысу үшін азаматтар Zhana Business ЖШС-на оқу курстарына 30 000 теңге төлеген. Әрбір ұтыстың жеңімпазы «сәттілік барабаны» әдісі арқылы кездейсоқ таңдау тәсілімен анықталған. Дегенмен ұтыс ойындарын өткізуге лицензиясы бар «Сәтті Жұлдыз» акционерлік қоғамымен келісімшарт жасақталмаған.  

Блогердің адвокаты істі тоқтатып, комитет жасаған хаттаманы дәлел ретінде мойындамауды сұрады.

Дегенмен Астана ауданаралық әкімшілік соты ерлі-зайыптыларға қатысты әкімшілік істі тоқтатып, қылмыстық құқық бұзу фактілері бар деген айып тақты. Іс Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеулер департаментіне жолданды. Енді Жанабыловтардың ісі әкімшілік істен қылмыстық іске бір-ақ ауыстырылуы мүмкін.