Жамбыл облысында ер адам мотоцикл жүргізушісін пышақтап кетті

Аталған оқиғаға қатысты видео әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Белгілі болғандай, 13 сәуірде Жамбыл облысында жанармай құю бекетінде мотоцикл жүргізушісін белгісіз ер адам екі рет пышақтап, Меркеге қарай «Тойота» көлігімен қашып кеткен.
Жәбірленуші алдымен Мерке ауруханасына түсіп, содан кейін Алматыға жеткізілді.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады. Оның сөзінше, қылмыстық іс қозғалды.
«Жәбірленуші шетел азаматына полицейлер жедел көмек көрсетіп, ауруханаға жетуін қамтамасыз етті. Медициналық көмек көрсетілді. Ол ауруханаға жатудан бас тартты. Өміріне қауіп жоқ. Күдікті қылмыс ізін суытпай қашпақ болған сәтінде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Іс бойынша тергеу барысы тікелей менің бақылауымда. Жаза бұлтартпастығы қағидасы толық сақталатын болады. Барлық кінәлілер заң аясында қатаң жауапкершілікке тартылады»,- деп жазды министр.