«Жалған айғақ берді»: айыпталушы тергеу кезінде Шерзаттың анасымен беттестіруге қарсы болған
Бүгін Шерзат Полаттың өліміне қатысты айыптау жөніндегі іс бойынша кезекті сот отырысы іс құжаттары зерттеліп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Сот отырысында жәбірленуші Гүлбара Бишембиева мен айыпталушы Азамат Тоқтаубаевты беттестіру кезіндегі бейнежазба көрсетілді.
Беттестіру 2024 жылы 24 қазан күні өткен. Бірақ оған айыпталушы Азамат Тоқтаубаев қарсы болған.
«Мен қарсылық білдіремін. Жалған ақпарат, жалған түсініктеме беріп жатыр. Қазір өз-өзімді ұстай алмай отырмын, қысымым көтеріліп кетті. Беттестіруге қарсылық білдіремін. Олар өздерін ұстай алмай жатыр»,- деді Азамат Тоқтаубаев.
Кейін жәбірленуші, Шерзаттың анасы Гүлбара Бишембиева оқиға болған түн туралы қысқаша тоқталып, нақты Азамат Тоқтаубаевтың іс-әрекетін айтқан.
«Бұл жігіт тепкіледі, ұрды. Қолында пышағы болды. Менің балам құлап жатса да,аузынан қан ағып жатса да бұлар тепкіледі»,- деген Гүлбара Бишембиева видеода.
Сот отырысында Азамат Тоқтаубаев қолында ешқандай пышақ болмағанын айтты.
«Шота Руставели көшесінде балам құлап жатты деді. Бірақ көпқабатты үйден түсірілген видеода мен ол жерде жоқпын. Бұл жерде жалған айғақ беріп отыр. Менің қолымда ешқандай қару немесе пышақ болған жоқ»,- деді ол.
Сотта қорғаушы бұл туралы неге беттестіруде айтпағанын сұрады.
«Қазір жалған айтты деп отырсыз. Сол кезде Г.Бишембиева алдыңызда отырғанда неге қарсылық білдіріп, келіспейтін жерлеріңізді айтпадыңыз? Бір сөзбен келіспеймін немесе жалған деп неге айтпадыңыз?»,- деді қорғаушы.
«Нұрқанат та жалған ақпарат берді. Мен бұл кісіге көңіл айтып, ешқандай қатысым жоқ екенін айттым. Содан кейін мен беттестіруге қарсы болдым»,- деді айыпталушы Азамат Тоқтаубаев.