Жағажайда демалып жүрген: Алакөлде 63 жастағы зейнеткерді су көлігі қағып кетті
Алакөл көлінде қайғылы жағдай болды. Жағажайда демалып жүрген 63 жастағы зейнеткерді су көлігі қағып кетті. Зейнеткер көз жұмды. Оқиғаға қатысты Туризм және спорт министрлігі түсініктеме берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Министрлік мәліметіне сүйенсек, марқұмның аты-жөні Галина Ивановна Сизикова екені белгілі болды.
Қайғылы жағдай әділ тергелетініне сенім білдірілді
Министрлік оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты әрі әділ тергеліп, кінәлілердің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапқа тартылатынына сенім білдіріп отыр.
Жағажай қауіпсіздігіне алдын ала назар аударылған
Туристік маусым басталар алдында ведомство жағалау мен су айдындарындағы қауіпсіздік мәселелеріне жергілікті атқарушы органдар мен құзырлы мемлекеттік құрылымдардың назарын аударғанын мәлімдеді.
Министрлік атап өткендей, су көлігін реттеу, оның ішінде лицензиялау, басқаруға рұқсат беру, техникалық байқау және шағын кемелерді тіркеу Туризм және спорт министрлігінің құзыретіне жатпайды.
Министрлік туристердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында кешенді шараларды жетілдіруді, сондай-ақ ақпараттандыру, алдын алу және бақылау мәселелерін қамтитын ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуді жалғастыратынын атап өтті.
Полиция департаменті катер жүргізушісінің қамалғаны туралы ақпарат берді.
«Катер жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды, тиісті сараптамалар тағайындалды, тергеу жүргізілуде. Оқиға орнында уәкілетті органдар тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тергеу жалғасуда. Оның нәтижелері бойынша заңнамаға сәйкес іс жүргізу шешімі қабылданады», – деп қосты полиция департаменті.